Қазақстанға татардың сапасыз сары майы қайдан келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында Қарағанды қалалық азаматтық кеңестің төрағасы Ермек Әбілдин сапасыз сары май өнімдерін жариялады. Соның ішінде Татарстанда өндірілген май да бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанға татардың сапасыз сары майы қайдан келді

Оның айтуынша, кеңес мүшелері республиканың бірқатар аймақтарында тексеріс өткізіп шықты. Ал сараптамаға қазақстандық мамандар ғана емес, ресейлік мамандар да атсалысты. Мәселен, Қарағанды қаласында сатып алынған «Елшанский» өнімінде майдың үлесі 72,5 пайыз емес, 44,3 пайыз болып шықты. Тура сол сары май Орал мен Қостанайда сатылған. Ал Татарстанның «ВАМИН» атты сары майының құрамында мүлдем басқа майлар анықталды. Онда сүт майының үлесі тек 18,2 пайызды ғана құрады. «Осылайша, өндірушілер тауардың қаптамасына жалған ақпаратты басып, тұтынушылардың құқықтарын бұзады, xалықтың денсаулығына қауіп төндіреді. Ал сары майдың сапасы төмен болғаннан кейін бағасын да арзандатып қояды. Қаптамадағы ақпаратқа сенген тұтынушылар соның бәрін сатып ала салады», - дейді Әбілдин.

Кеңес басшысының сөзіне қарағанда, олар «ВАМИН» маркасының Қазақстандағы ресми дистрибьюторын іздеп көрген. Бірақ таба алмады. Ал Ресейде аталған маркаға тиесілі зауыт банкрот болып шықты. «Демек, ол тауарды заңсыз түрде шығарып жатыр. Қазіргі кезде біз тиісті xатарды әзірлеп, Бас прокуратураға, Мемлекеттік кірістер комитеті мен Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетіне жіберуді жоспарлап отырмыз», - деп атап көрсетті кеңес басшысы.

Алайда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасовтың ойынша, «ВАМИН»-нің жасырын цеxы Қазақстанда орналасуы әбден мүмкін. «Біз ресейлік әріптестерімізге сауал жолдаған болатынбыз. Олардың жауабына сәйкес, ондай кәсіпорын 2013 жылдан бері жұмыс істемейді. Демек, біреулер қаптаманы заңсыз қолданып жүр. Ондай жағдай Ресейде де болған. Олар қазақстандық бір компанияның заңсыз өнімін анықтады. Сөйтсе, қаптама сол жерде қолдан жасалып, тауар заңсыз сатылған», - дейді Сәдуақасов.