Қазақстанға телефондарды жасырын тасымалдаумен күрес мәселесі көтерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ұялы және басқа да сымсыз байланыс үшін телефондарды бөлшек саудалау нарығы 139 млрд теңгені құрап отыр. Бұл туралы бүгін «Атамекен» ҰКП жанындағы Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов мәлім етті.

Қазақстанға телефондарды жасырын тасымалдаумен күрес мәселесі көтерілді

«Тауарларды жасырын жеткізуге қарсы қадамдарда кедендік бақылау жүйесінің тиімділігі тиісті деңгейде болмай тұр. Мемлекеттік статистика органдарының мәліметінше, ұялы және басқа да сымсыз байланыс үшін телефондарды бөлшек саудалау нарығы 139 млрд теңгені құрап отыр. Сарапшылардың пайымынша, тауарларды заңсыз жеткізу кестесі, яғни «сұры» импорт осы нарықта кеңінен таралып үлгерген», - деді А. Жамалов.

Оның сөзіне қарағанда, аталған жасырын нарықты тауарды арзан бағаға алуға ниетті сатып алушылардың өздері қолдап келеді. Алайда бұл «сұры» импорт бәсекелестікті шектеп, сыртқы экономикалық іс-қимылдарға заңнама аясында қатысып жүргендерді теңсіздік жағдайында қалдыруда. Халықаралық тәжірибеде Еуропалық одақ, АҚШ және өзге де елдерде пайдаланылып жүрген мобильді терминалдарды есепке алудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесі телефондарды жасырын тасымалдау әрекеттеріне тиімді тосқауыл болып отыр.

«Қазақстанда 2015 жылы таныстырылған осындай жүйе әзірленді. Сонымен бірге, оны пайдаланудың шаралары қабылданбады. Дегенмен де оның бейімделуін белсенді атқаруға және кедендік бақылауды қамтамасыз ету үшін енгізуге заңнамалық мүмкіндіктер елімізде ескерілген», - деді депутат.