Қазақстанға цифрлық теңге не үшін қажет

Бүгінде цифрлық революция әлемдік экономика мен қоғамның келбетін өзгертіп отыр. Бұл ретте 2021 жылы Қазақстанда Ұлттық банктің бастамасымен цифрлық теңгені енгізу жоспары мақұлданған болатын. Содан бері цифрлық теңгені айналымға енгізу мәселесі пысықталып келеді. Жоспар бойынша цифрлық теңге 2025 жылдың соңына дейін енгізілуі тиіс. Дегенмен әлі де жаңа төлем құралының қызметі туралы сауал көп. Цифрлық теңгенің артықшылығы мен ерекшелігі неде? Оның жұмыс істеу тәртібі қандай? Цифрлық валютаның айналымға енуі қарапайым тұтынушыға не береді? Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының мақаласынан оқи аласыздар. 

цифрлық теңге
Фото: ҚазАқпарат

Ұлттық төлем жүйесі жаңармақ

Цифрлық теңге – цифрлық эволюцияның жаңа қадамы. Технология дамыған сайын төлем құралы да, оның формасы да түрленді. Тарихқа көз жүгіртсек, ежелде ақшаның орнына мыс, қола, күміс, алтын қолданылды. Кейіннен қағаз ақша пайда болды. Ал цифрлық теңге дегеніміз – жаңа төлем құралы. Ол қолма-қол ақшаның да, карточкадағы ақшаның да орнына жүреді. Мамандар оның айналымға енуі ұлттық төлем жүйесін жақсартып, ақшамыздың құнсыздануын тоқтатады деп отыр. Айта кететін жайт, цифрлық теңге -криптовалюта емес. Оның қағаз ақшаға айырбастаудағы бағамы бірдей болмақ. Мамандардың айтуынша, цифрлық теңге блокчейнге енгізіліп, ақша қатаң бақылауға алынады. Бұл көлеңкелі экономиканың жолын кесуге көмектеседі.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, қазір әлемнің бірнеше елінің орталық банктері цифрлық ақшаны тәжірибе жүзінде сынақтан өткізіп жатыр. Atlantic Council жариялаған деректерге сүйенсек, цифрлық валютаны қазірдің өзінде 10 мемлекет қолданысқа енгізіп үлгерген. Қазір тағы 15 ел цифрлық валютаны іске қосу кезеңінде тұр, оның ішінде Қазақстан да бар. Цифрлық валюта мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін шұғыл төлеуге немесе әлеуметтік төлем аясында шығындарға бақылау жасауға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтқанда, бюджет қаржысының ашықтығын, оның мақсатты жұмсалуын қадағалайды.

Цифрлық теңге қалай жұмыс істейді?

Елімізде цифрлық теңгені енгізуге Ұлттық банк жауапты. Бұған дейін арнайы жол картасы да әзірленген еді. Қолданыстағы қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз да қосымша ретінде жүретін отандық ұлттық валютаның үшінші түрі. Оны Ұлттық Банк цифрлық түрде айналымға шығарады. Соның аясында технологиялық платформа жасалды.

цифрлық теңге
Фото: ҚазАқпарат

 

Аталған жобаны жүзеге асыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мәселен, биыл платформа банктердің қатысуымен пилоттық жоба ретінде іске қосылуы мүмкін. 2024 жылы Ұлттық банк жұмысын жақсартып, қатысушылар санын арттыруды көздеп отыр.

«Цифрлық теңге» жобасы аясында зерттеу жүргізіп келген Ұлттық банк өкілдері биыл пилоттық жобаның алғашқы кезеңін сынақтан өткізгелі отырғанын мәлімдеді. Жобаны іске асыратын жол картасы 2025 жылдың соңына дейін есептелген.

Цифрлық теңге заңды төлем құралы ретінде қабылданады және ақша қаражатының барлық қызмет түрін атқаратын болады. Цифрлық теңге жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаева күнделікті қолданатын банк қосымшасындағы ақшалар мен «Цифрлық теңге» әмиянындағы ақшалар бір-бірімен өзара конвертация жасала беретінін айтты. Ол үшін ешқандай пайыз ұсталмайды.

«Цифрлық теңге – ол заңды төлем құралы. Оны барлық азамат қандай да бір шектеусіз қолдана алады. Яғни, біз қолданып жүрген смартфондағы қосымшалармен, карточкалармен төлемдер жүргізе береміз»,-дейді «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаева.

«Цифрлық теңгені шешіп алуға мүмкіндік болады»

Ұлттық төлем корпорациясының басқарма басшысы Бинұр Жәленов цифрлық теңгені қолма-қол ақшаға айналдыруға мүмкіндік берілетінін айтты. Бұған дейін цифрлық валютаға эмиссия жасалмайтыны туралы айтылып жүрген еді. Ұлттық төлем корпорациясының басшысы аталған шешім азаматтарға ыңғайлы болуы үшін қабылданғанын атап өтті. Бұған қатысты ол мынадай мысал келтірді.

«Міндетті түрде бақылауды қажет ететін жағдайлар болады. Мәселен, мектеп құрылысын алайық. Мемлекет бюджет қаржысы шын мәнінде құрылыс материалдарын сатып алуға, жұмысшылардың еңбекақысын төлеуге кетіп жатқанын қадағалауы керек. Сондықтан бұған дейін ол қаражатты басқа валютаға айырбастауға, қолма-қол ақшаға айналдыруға болмайды. Алайда жалақысын сандық теңгемен алған қызметкерге ешқандай шектеу салынбайды», - дейді Ұлттық төлем корпорациясының басқарма басшысы Бинұр Жәленов.

Ол әлеуметтік көмек саласында да ешқандай шектеу қойылмайтынын айтты. Яғни, азамат жәрдемақыны қай мақсатқа жұмсаса да өз еркі. Дегенмен ол сандық ваучер механизмі енгізіліп жатқанын айтты.

«Белгілі бір қызметтерді алу үшін арнайы карта немесе басқа да құрал беріледі. Бұл жүйе қазір мектеп асханаларында қолданылады. Дәл осындай механизмді мектеп формасын алу мен жолақы төлеуге енгізуге болады. Осылайша қызмет көрсетушіге қаржы тікелей түседі», - дейді Ұлттық төлем корпорациясы басқарма басшысы Бинұр Жәленов.

Оның айтуынша, одан да басқа сервистер оңтайлана түспек. Солардың бірі -ақша айырбастау.

«Жоспар бойынша сандық валюталар шетел банкіне түскен бойда ұлттық жүйеден өшіріліп, сол мемлекеттің валютасы ретінде пайдаланылады. Сол үшін курсты автоматты түрде анықтайтын жүйе құрастырылып жатыр. Яғни, арадағы делдалдар жоғалып, халықаралық төлемдер тікелей жасалады», - дейді Ұлттық төлем корпорациясы басқарма басшысы.

Бинұр Жәленов цифрлық теңге қолма-қол немесе қолма-қол емес ақшаны алмастырмайтынын баса айтты. Бұл есептеу құралы солармен қатар қолданылады. Цифрлық валютаның пайда болуы бірегей технологиялық сипаттамаларына байланысты ұлттық төлем жүйесін дамытуға көмектеседі.

Цифрлық валюта қолма-қол ақшаны толығымен алмастырады - экономист

Ал экономист Арман Байғановтың пікірінше, цифрлық валюта қолма-қол ақшаны толығымен алмастыра алады.

«Цифрлық теңгені шығару қолма-қол ақшамен бірдей жүреді. Ал басқару жүйесі электронды болады. Адамдар электронды әмияндарын қолданады. Электрондық ақша арқылы төлем, аударым жасауға және теңгерімді көруге болады», - деп атап өтті Арман Байғанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, цифрлық теңгені пайдалану ұлттық экономика үшін зор артықшылыққа ие.

Виртуалды теңгенің артықшылықтары

Экономистің айтуынша, цифрлық теңгені пайдаланудың ұлттық экономика үшін пайдасы көп.

цифрлық теңге
Фото: ҚазАқпарат

 

«Цифрлық теңгенің артықшылығы орасан зор. Бір сөзбен айтқанда, цифрлық валютаны енгізу мемлекет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті сарапшы.

Оның сөзінше, цифрлық валютаны енгізу экономикадағы фискалдық саясаттағы, көлеңкелі экономикадағы проблемалар және сыбайлас жемқорлық сияқты бірқатар мәселелерді шешуге көмектеседі.

«Егер қолма-қол ақша жоқ болса, онда электронды ақша ашық түрде бақыланады. Бұл жерде салық төлемеу қиын болады, өйткені фискалды органдар салық төлемегендерді онлайн тексере алады. Екіншіден, жемқорлық жойылады. Цифрлық ақшамен пара алу мүмкін емес. Шенеуніктер адал жұмыс істейтін болады. Көлеңкелі экономика жойылады. Яғни, экономикамыздың дамуына мүмкіндік бермейтін және соның кесірінен теңгеміз үнемі құнсызданатын негізгі екі дерт жойылады»,-деп түсіндірді экономист.

Ол осы экономикалық мәселелер жойылған кезде қаржылық қылмыстар да азаятынын айтты. Тіпті қалта ұрыларының саны кеміп, сәйкесінше құқық қорғау органдарының жұмысы да азаятынын айтады. Сонымен қатар экономист цифрлық теңгені енгізу ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, экономиканың дамуына жақсы серпін беретінін де атап өтті.

«Теңге құнсыздануға бейім болмайды, өйткені экономика тұрақты болады. Цифрлық теңге тұрақты әрі айырбасталатын валютаға айналады»,-деді сарапшы.

Қорыта келгенде, цифрлық теңге төлем құралының үшінші түрі болмақ. Оны айналымға 2025 жылға дейін енгізу жоспарланып отыр. Цифрлық теңгемен қатар кәдімгі ақша, онлайн төлеу, яғни қолма-қол емес ақша да қатар жүре береді. Аталған екі төлем түрінің негізгі сипаттары цифрлық теңгеде де бар, сонымен қатар оның өз артықшылығы бар. Бастысы, интернетсіз де төлем жасауға мүмкіндік береді. Мамандардың сөзіне сенсек, цифрлық валюта ашықтыққа жол ашып, жемқорлыққа тұсау салады. Бұл – уақыт еншісіндегі мәселе.

Соңғы жаңалықтар