Қазақстанға үнді классикалық биін алғаш әкелген Ақмарал Қайназарованың хикаясы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ақмарал Қайназарова — Қазақстанда ежелгі үнді классикалық биі «Бхаратанатьямды» кәсіби деңгейде алғаш орындап, осы өнердің тұтас мектебін қалыптастырған биші. Ол Үндістанның әйгілі «Калакшетра» өнер институтында бес жыл, магистратурасында екі жыл білім алып, елге оралғаннан кейін мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде оның шәкірттері АҚШ, Жапония және Еуропа елдерінде өнер көрсетіп жүр.

Ақмарал Қайназарова
Фото Ақмарал Қайназарованың жеке архивінен

Өнер жолында әлем чемпионы атанып, халықаралық би қауымдастығында Қазақстанның атынан өкілдік еткен биші үшін жетістік медальдармен ғана өлшенбейді. Ол 28 жылдан астам уақыт бойы үнді мәдениетін қазақ халқына таныстырып, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға үлес қосып келеді. Оның бастамасымен құрылған Үнді классикалық би және йога орталығы өнер үйрететін орын ғана емес, түрлі мәдениеттің тоғысқан алаңына айналды.

2026 жылғы ақпанда Ақмарал Қайназарова Үндістандағы Кхаджурахо халықаралық классикалық би фестивалінде жеке концерт қою құрметіне ие болды. Қазақстандық биші фестивальдің 52 жылдық тарихында осы сахнада өнер көрсеткен алғашқы өкіл болды.

Әжесінің әңгімесінен басталған Үндістанға қызығушылық

Алматылық Ақмарал Қайназарованың үнді мәдениетіне деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Оның айтуынша, бұған әжесі Кәрима Садыққызының ықпалы зор. Әжесі үнді әдебиетін, әсіресе Нобель сыйлығының лауреаты Рабиндранат Тагордың шығармаларын жақсы көріп оқыған екен. Кейін немересіне Үндістанның мәдениеті мен рухани әлемі туралы айтып берген. Сөйтіп алты жасынан бастап оның санасында алыстағы елдің ерекше бейнесі қалыптаса бастады.

Ақмарал Қайназарова
Фото Ақмарал Қайназарованың жеке архивінен

Бишінің өнерге деген сүйіспеншілігіне анасы мен әкесінің де әсері мол. Анасы Сәжида Ахметова — қазақ өнерінде өзіндік орны бар әнші. Оның орындауындағы әндер Қазақ радиосы мен теледидарының Алтын қорына енген. Ал әкесі Елеусін Қайназаров соғыс ардагері, полковник болған. 2025 жылы Қызылордада әкесінің атына көше берілді.

Ақмарал өнерге деген ықыласы мен ырғақты сезіну қабілетін анасынан, тәртіп пен төзімділікті әкесінен үйренгенін айтады.

Алайда сол кезеңде Үндістан мәдениеті туралы ақпарат табу оңай емес еді. Интернет те, YouTube та жоқ. Жасөспірім Ақмарал анасына еріп, Ұлттық кітапханаға барып, Мәскеуден шығатын «Үндістан» журналын оқитын. Кейде теледидардан көрсетілетін «Искусство народов мира» бағдарламасынан үнді классикалық биін көріп, оның қимылдарына, мәнеріне және ерекше пластикасына қызығатын.

— Шай қораптарының сыртындағы үнді бишілерінің суреттерін қарап, олардың әртүрлі қалыптарын қайталайтынмын. Кейін сол қимылдарды қағазға түсіретінмін. Менің үнді биіне алғашқы қадамым осылай басталды, — деп еске алады ол.

Бірақ сол кезде Қазақстанда бұл биді үйрететін мамандар болмады. Үндістанға барып білім алу мүмкіндігі де болмады.

Мектепте Ақмарал үздік оқыды, мақалаларын балалар басылымдарына жіберді. Бұл қабілетін байқаған әкесі оған журналистика мамандығын таңдауды ұсынды. Себебі Үндістанға қатысты белгісіз өнерді кәсіп етуге қарағанда, журналистиканы сенімді жол деп көрді.

Ол әкесінің кеңесін тыңдап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсті. Алайда оның үнді мәдениетіне деген қызығушылығы бәсеңдеген жоқ.

Журналистикадан үнді классикалық биіне дейін

Университетте оқып жүрген кезінде Ақмарал Қайназарова күндіз журналистика факультетінде білім алса, кешке үнді биіне арналған «Шанти» тобын ұйымдастырып, алғашқы шәкірттерін жинады.

Ақмарал Қайназарова
Фото Ақмарал Қайназарованың жеке архивінен

Ол кезде Қазақстанда үнді биі туралы түсінік шектеулі еді. Көпшілік оны үнді фильмдеріндегі билермен немесе іш биімен шатастыратын. Ал Ақмарал таныстырғысы келген «Бхаратанатьям» — тарихы екі мың жылдан асатын, әдебиетпен, философиямен, мүсін өнерімен және рухани дүниетаныммен сабақтас күрделі классикалық өнер.

Алғашқы сабақтарды өткізу үшін арнайы музыка, әдістемелік материалдар мен кәсіби ұстаздар жетіспеді. Ақмарал үнді студенттерінен музыка сұрап, қолындағы аз ақпаратпен хореографиялық қойылымдар дайындады.

1992 жылы Үндістанның Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігі ашылды. Ақмарал үшін де бұл көптен күткен арманына жақындаған сәт еді.

Осылайша, ол 1993 жылы Үндістан билігінің шақыртуымен оқуға барған Қазақстанның алғашқы студенті болды. Ченнай қаласындағы Рукмини Деви негізін қалаған «Калакшетра» әсемдік өнері институтына түсіп, жеті жыл бойы үнді классикалық биін кәсіби деңгейде меңгерді.

Ақмарал Үндістан мәдениетін тереңірек танып, өзінің де ұлттық болмысына жаңаша қарағанын айтады. Туған жерінен алыста жүргенде елді сағынып, қазақ әндері мен билеріне бұрынғыдан да жақындай түсті.

Оқуын аяқтаған соң, ол Қазақстанға оралып, Үндістан елшілігінде жұмыс істеді. Осылайша оның кәсіби орындаушы және ұстаз ретіндегі жолы басталды.

Қазақстандағы үнді классикалық биінің алғашқы орталығы

Ақмарал Қайназарова елге оралған кезде алдында үлкен міндет тұрды. Үнді классикалық биін кәсіби деңгейде үйретіп қана қоймай, оның мәнін қазақстандық көрерменге түсіндіру қажет еді.

2006 жылғы 1 наурызда ол Алматыда Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы Үнді классикалық би және йога орталығын ашты.

Алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Сабаққа келген адамдардың арасында үнді классикалық биінің табиғатын түсінбейтіндер де кездесті. Бірі үнді фильмдеріндегі билерді үйренгісі келсе, енді бірі оны басқа би жанрларымен шатастыратын.

Ақмарал Қайназарова
Фото Ақмарал Қайназарованың жеке архивінен

Ақмаралдың міндеті қимылдарды көрсетумен шектелмеді. Ол шәкірттеріне әрбір қозғалыстың мағынасын, бидің әдеби негізін және сахналық образдардың мазмұнын түсіндіруге күш салды.

«Бхаратанатьям» көбіне санскрит, тамил, телугу және басқа үнді тілдеріндегі поэзияға негізделеді. Сондықтан Қазақстандағы көрермен шығарманың мәтінін түсінбесе де, оның мазмұнын ұғынуы үшін биші әр қойылымның алдында қазақша түсіндірме беруге тырысады.

— Біздің концерттеріміз жай ғана «би» көрсететін шара емес. Ең алдымен, оның білім беру және танымдық мәніне көңіл бөлеміз. Әр бидің алдында көрерменге шығарманың мазмұнын, кейіпкерлерін және қимылдардың мағынасын түсіндіреміз, — дейді Ақмарал Қайназарова.

Оның пікірінше, үнді классикалық биін үйрену адамның шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, зейінін, тәртібін, төзімділігі мен өзін-өзі басқару дағдыларын жетілдіруге көмектеседі. Шәкірттері де сабақтан кейін өздерінің көңіл күйі мен өмірге көзқарасында өзгерістер болғанын жиі айтып отырады екен.

«Ұстаздан шәкірт озар»

28 жылдан астам уақыт ішінде Ақмарал Қайназарова бес мыңнан астам шәкірт тәрбиеледі. Оның шәкірттерінің арасында кәсіби бишілер, халықаралық сахналарда өнер көрсетіп жүргендер бар.

Мәселен, шәкірттерінің бірі Оксана Банщикова Ұлыбританияда биші ретінде танылған. Тағы бір шәкірті Ғалия Фазылова Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде қызмет етеді.

Ақмаралдың айтуынша, шәкірттерінің әр салада жетістікке жетуі — оның еңбегінің маңызды нәтижелерінің бірі.

Ақмарал Қайназарова
Фото Ақмарал Қайназарованың жеке архивінен


Екі халықтың мәдениетін тоғыстырған өнер

Ақмарал Қайназарова үшін үнді классикалық биін насихаттау қазақ өнерінен бөлек бағыт емес. Керісінше, ол екі мәдениеттің ортақ тұстарын зерттеп, олардың арасындағы байланысты шығармашылық арқылы көрсетуге ұмтылады.

Биші ханым қазақ және үнді биінің элементтерін біріктіретін шығармашылық бағыт қалыптастырды. Ол осы екі өнердің үйлесіміне қатысты авторлық куәлік те алған.

Сөзінше, қазақ және үнді классикалық билерінің орындау техникасы әртүрлі. Бірақ олардың рухани негізінде ортақ ұғымдар бар дейді. Екі мәдениетте де табиғатпен үндестік, үлкенді құрметтеу, отбасы құндылықтары, адам мінезі мен сезімін өнер арқылы жеткізу маңызды орын алады. Қазақ биінде қимылдың техникалық дәлдігі мен ұлттық пластикаға басымдық берілсе, «Бхаратанатьямда» оқиғаны қимыл, қол ишарасы, бет әлпеті және көзқарас арқылы баяндау ерекше мәнге ие. Әрбір ишараның өзіндік мағынасы бар.

Ақмарал Қайназарова
Фото Ақмарал Қайназарованың жеке архивінен

— Үнді және қазақ биінің техникасы әртүрлі болғанымен, олардың рухани құндылықтарында ұқсастық көп. Екі өнерде де төзімділік, табиғатпен байланыс, адамның ішкі дүниесі мен сезімін жеткізу маңызды. Сондықтан мен үшін қазақ биі мен үнді классикалық биі — бір-бірін толықтыратын өнер түрлері, — дейді биші.

Ақмаралдың айтуынша, оның мақсаты — Қазақстанда үнді классикалық биін кеңінен таныту ғана емес, қазақстандық көрерменнің таным көкжиегін кеңейту. Өйткені басқа халықтың өнерін түсіну өз мәдениетіңе де жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Әлемдік сахнадағы Қазақстанның өкілі

Ақмарал Қайназарованың кәсіби жетістіктері халықаралық деңгейде де мойындалған. 2000 жылы оның есімі «Алматының Алтын кітабына» енгізілді. Ал 2003 жылы АҚШ-тың Голливуд қаласында өткен орындаушылық өнер түрлері бойынша VII әлем чемпионатында этникалық би номинациясы бойынша алтын медаль иеленіп, «Әлем чемпионы — 2003» атағын алды.

2004 жылы ол Париждегі ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық би кеңесінің Қазақстаннан шыққан алғашқы мүшесі болды. Кейін Үндістан Үкіметінің Мәдени байланыстар жөніндегі Үнді кеңесі (ICCR) құрамындағы «Бхаратанатьям» биін кәсіби орындайтын бишілер қатарына Қазақстаннан енген алғашқы өкіл атанды.

2015 жылы өнер саласындағы жетістіктері үшін оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2021 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Шапағат» медалімен марапатталды.

Биші үшін халықаралық сахналарда өнер көрсету — жеке жетістігін танытудың ғана жолы емес. Ол әрбір сапарында Қазақстанның атын атап, елдің мәдениеті туралы айтып, ұлттық өнерді таныстыруға тырысады.

— Қай елге барсақ та, Қазақстанның туы бізбен бірге. Халықаралық байқауларда жүлде алған кезде адамдар Қазақстаннан үнді классикалық биін кәсіби деңгейде орындайтын бишілер шыққанына таңғалады. Осындай сәттерде елімізді мақтан тұтамын, — дейді ол.

2017 жылы Ақмарал Қайназарова қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Бастауыштарға арналған Бхаратанатьям үнді классикалық биі» атты білім беру бейнематериалын әзірледі. Бұл еңбек өнерді үйренуге қызығатын адамдарға қолжетімді оқу құралы болуға бағытталған.

2023 жылы оның «Үнді классикалық биі. Қазақстан және Үндістан» атты кітабы жарық көрді.

Ақмарал Қайназарова
Фото Ақмарал Қайназарованың жеке архивінен

 

Биден басталған мәдени дипломатия

Ақмарал Қайназарова өз қызметін тек сахнамен немесе ұстаздықпен шектемейді. Ол мәдениет арқылы елдер арасындағы байланысты нығайтуды өзінің маңызды міндеттерінің бірі деп санайды.

Оның айтуынша, өнер халықаралық қарым-қатынаста ерекше рөл атқарады. Әртүрлі елдің адамдары бір-бірінің тілін білмеуі мүмкін, бірақ музыка мен би арқылы ортақ сезімдерді түсініп, жақындай алады.

Биші үшін мәдени дипломатия — ресми кездесулер мен концерттер өткізумен ғана шектелмейтін ұзақ мерзімді жұмыс.

— Менің мақсатым — осы көне өнерді Қазақстанда насихаттап, адамдардың білім деңгейін көтеруге үлес қосу. Үнді классикалық биі — мен үшін жай хобби де, тек жұмыс та емес. Бұл — менің миссиям, — дейді Ақмарал Қайназарова.

Оның концерттері қайырымдылық негізде өтеді.

Қазақстандық биші еліміздің мәдени әлеуеті жоғары екенін, елімізде түрлі ұлттың өнері мен дәстүріне құрметпен қарайтын орта қалыптасқанын атап өтеді.

«Елдің жетістігі — әр азаматтың еңбегіне байланысты»

Ақмарал Қайназарова үшін патриотизм туған елді жақсы көру туралы сөздермен ғана өлшенбейді. Оның ойынша, азаматтың елге деген сүйіспеншілігі өз кәсібін адал атқарып, қоғамға пайда әкелетін істерінен көрінуі керек.

— Әр адам өз саласында үнемі дамып, білімін жетілдіріп отыруы керек. Қазір технологиялар мен мүмкіндіктер өте көп. Ең бастысы — өзіңе жауапкершілікпен қарау, отбасыңа және еліңе жауапты болу. Әр адам өзгелерге үлгі болуға ұмтылса, қоғам да жақсарады, — дейді ол.

Ақмарал Қайназарова
Фото Ақмарал Қайназарованың жеке архивінен

Хореографтың пікірінше, елдің дамуы тек мемлекеттік мекемелердің немесе жекелеген тұлғалардың жұмысына байланысты емес. Әр азамат өз ісін сапалы орындап, айналасына пайда әкелуге тырысқанда ғана ортақ нәтиже қалыптасады.

Еске салайық, бұған дейін ШҚО-дағы ауыл тұрғыны құсбегілік арқылы туризмді дәріптеп жүргенін жазғанбыз.