Қазақстанға Үндістаннан арнайы рейспен ҚР азаматтары және дәрі-дәрмек жеткізілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Үндістанда операциялардың жүргізілуін күтіп отырған Қазақстан азаматтарының өтініші бойынша Үндістандағы Қазақстан Елшілігінің көмегімен ҚР Денсаулық сақтау және Сыртқы істер министрліктері «SCAT» авиакомпаниясының бортында дәрі-дәрмектер мен жабдық бар арнайы чартерлік рейс ұйымдастырды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жсап хабарлайды.

Қазақстанға Үндістаннан арнайы рейспен ҚР азаматтары және дәрі-дәрмек жеткізілді

COVID-19 эпидемиясына байланысты екі елдің арасында азаматтық әуе қатынасының тоқтатылуына қарамастан қазақстандық дипломаттар үнділік тараппен бірлесе отырып, біздің азаматтарды Ченнаи және Мумбаи арқылы одан әрі Қазақстанға жеткізу үшін уағдаласты.

Осылайша 18 сәуірде Алматы қаласына 6 Қазақстан азаматы әкелінді.

Сонымен бірге үнділік тараптың бастамасымен елімізге осы рейспен гуманитарлық көмек ретінде короновирусқа қарсы 30 мың дәрі-дәрмек жеткізілді.

ҚР СІМ Үндістан үкіметіне достық ниеті үшін алғыс білдіреді және осы бастама екі елдің арасындағы стратегиялық әріптестік рухына толық сәйкес келетіндігін атап өтеді.