Қазақстанға заңсыз темекі өнімдері қай елдерден келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азия елдеріне оның ішінде Қазақстанға заңсыз темекі өнімдері қай елдерден әкелінетіні белгілі болды. Бұл туралы QazSpirits ассоциациясының атқарушы директоры Дмитрий Жуков мәлім етті.

Қымбат темекіге де байлық салығы салынуы мүмкін
Фото: pixabay.com

— Орталық Азия елдеріне заңсыз темекі өнімдерінің негізгі жеткізушілер Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытай. Орталық Азия өндіруші елдер мен оны өткізу нарығы арасындағы транзиттік торап. Контрабанда жолдары Қытай, Иран және Ауғанстан шекаралары арқылы өтеді, — деді Дмитрий Жуков елордада «Темекі және никотин өнімдерінің контрабандасы және контрафактісі: ЕАЭО экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігіне қатер» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, заңсыз темекі өнімдері автомобиль, теміржол және әуе тасымалы арқылы жүзеге асырылады. Орталық Азия елдерінде заңсыз темекі және темекі өнімдері көтерме базарлар, шағын сауда нүктелері және мессенджерлер арқылы таратылады.

Сондай-ақ ассоциация басшысы заңсыз темекі өндірісі белгілі брендт өнімдерді қолдан жасауға және заңды жұмыс істейтін маркалардың қызметіне нұқсан келтіретінін айтты.

— Қазақстан темекі өнімдерін Ресейге жөнелтетін транзиттік аумақ. Темекі өнімдерінің заңсыз саудасы өңір елдері үшін елеулі проблема. Себебі контрабанда мәселесі трансшекаралық сипатқа ие, экономикаға зиян келтіреді, қауіпсіздік тәуекелі және халықтың денсаулығына кері әсерін тигізеді, — Д. Жуков.

Спикердің мәліметіне сүйенсек, заңсыз темекі айналымы БАӘ-ден Иранға пароммен жеткізіледі. Содан кейін тауар жүк көліктеріне тиеліп, Иран мен Ауғанстан аумағы арқылы транзитпен тасымалданады. Одан әрі тауар екі негізгі бағыт бойынша таралады, яғни Түрікменстан және Өзбекстан, сондай-ақ Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан.

Бұған дейін QazSpirits ассоциациясының атқарушы директоры Қазақстан темекі контрабандасы салдарынан жыл сайын 32 млрд теңге жоғалтатынын айтты. 

Одан бөлек іс-шара барысында Қазақстанда вейп пен кальянға тыйым салу көлеңкелі нарықтың өсуіне алып келгені айтылды.

Соңғы жаңалықтар