Қазақстанға жаңа толқынның технократтары керек - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 14 мамыр, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Қазақстанға жаңа толқынның технократтары керек - республикалық басылымдарға шолу

***

Елбасының Алматыға жұмыс сапары жұма күні Алатау «Ақпараттық технологиялар паркі» ашық экономикалық аймағында өткен «Инновациялық Қазақстан-2020» атты форумда жалғасты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақстанға жаңа толқынның технократтары керек» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. «Қазақстан әлемдік рынокта өзінің лайықты орнын алуы қа­жет. Оны іске асыру үшін Президент 4 бағыт ұсынып отыр. Біріншіден, ғылыми-зерттеу базалары мен инновацияларды басқару жүйесін модернизациялау. Екінші - жер қойнауын пайд­аланушы ірі бизнес пен ұлттық компа­ния­ларды инновацияларды қаржы­лан­дыруға тарту. Келесі бағыт - шағын және орта бизнеске ин­новацияларды дамыту үшін жағ­дай жасау. Президент тиісті ор­гандарға осы мәселені де жіті тап­сырды. Төртінші - «болашақ­тың инновацияларын» дамыту», - деп жазады басылым.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерін қабылдады. Тараптар алда Астанада бо­ла­тын ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының мерейтойлық сам­митін өткізу мәселелерін тал­қы­лады. «Кездесу кезінде Нұр­сұлтан Назарбаев ШЫҰ аясын­дағы ынтымақтастықты қауіп­сіз­дік, экономика, гуманитар­лық салаларда күшейту қажет­тігін, мұ­ның ұйымды келесі онжылдықта дамытуда маңызды рөл атқара­тынын атап көрсетті. Барлық министрлер Президент­тің идеясы­мен келісті. ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао ШЫҰ саммитіне қа­ты­сатын сәтті, сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақы­руы бой­ын­ша Қазақстанға өзінің мемлекеттік сапары уақытын үлкен қуанышпен күтуде», - деген журналистерге арналған брифингте ҚХР Сыртқы істер министрі Ян Цзечи.

***

«Мұнайлы ауданның орталығы Доссорда халық темір жол қозғалысын бөгеп, жолаушы және жүк пойызын тоқтатып, өздерінің әрекетіне биліктегілердің назарын аударуды талап етті. Қарапайым халықтың талабы, ол - Доссордағы күкірт терминалының жұмысын дереу арада тоқтату», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Күкірттің «кесірінен» келісімшарт бұзылды» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, жүздеген доссорлық тұрғынның теміржол қозғалысын тежеп, наразылық білдіруіне «Доссор процессинг компани» ЖШС-нің теміржол тұйығына 16 вагон Теңіз кенішіндегі күкіртті жеткізуі себеп болған.

«Айқын» газетінің жазуынша, өткен жылдың мерзімімен салыстырғанда Қазақстанда қаңтар-сәуір айларында азық-түлік өнімдері 7,1 пайызға, ал көкөніс-жеміс өнімдері 17 пайызға қымбаттаған. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, жыл басынан бері инфляция 4,2 пайызды құраған, оның ішінде азық-түлік тауарларына инфляция 7,1 пайыз болды. Негізінен алғанда, көкөніс пен жеміс-жидек, қант, май, жұмыртқа қымбаттапты. Бұл жайында басылымның сенбілік санындағы «Азық-түлік қымбаттап барады» деген мақалада егжей-тегжейлі баяндалған.

***

Осыдан тура бір ай бұрын Қайым Мұхамеджанов тұрған үй қабырғасына қойылған ескерткіш-тақтаны белгісіз біреулер жөндеуге келместей еткен еді. Енді қаскөйлер абайтанушы ғалым жерленген бейітті бүлдіріп кетіпті. «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде «Ғалым Қайымның қабірін қиратқан кімдер?» деген тақырыптағы мақалаға осы мәселе арқау болған. «Бұл - ұлы тұлғаға қарсы бағытталып, әдейі жасалған кезекті вандализм!», - дейді ғалымның ұлы Қанағат Мұхамеджанов.

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісовамен арадағы сұхбат «Дәстүрлі музыкаға ауылдың, өзіміздің қазақтың қарабайыр дүниесі ғой деп қарайтын тоқмейілсу бар» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Ұлттығымыздың символы ұлттық музыкамызды дәріптейтін дәстүрлі өнер орталықтарын ашу керек. Оның ішінде бағаланбай ел-елде жүрген қолөнершілер, шеберлер, айтыскерлер жиналса. Ұлттық өнерімізге қатысты дүниенің барлығы сол жерден табылса, облыстардан, аудандардан ашылса, дәстүрлі әнші, күйшілерге жұмыс табылар еді», - дейді.

***

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өутінше, кездесуде екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға, сондай-ақ алда Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары мерейтойлық саммитіне қатысты мәселелердің кең ауқымы тал­қы­ланды. «Біз Астанада 15 мау­сымда өтетін жоғары деңгейдегі кездесуге жақ­сы дайындалу үшін ертең осы толайым күн тәртібін жүзеге асыруға ұм­тылатын боламыз», - деді журналистерге арналған бри­фингте С.Лавров.