Қазақстанға жанарында оты, жүрегінде жалыны бар жастар қажет - Н.Назарбаев
АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Кеше Астанадағы «Қазақстан» концерт залында «Менің елім - Қазақстаным!» атты патриоттық әндер концерті өтті.
Қазақстанның шетелдегі студенттік ұйымдарының I Слеті аясында өткен іс-шараға ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің құттықтау хатын жолдады. «Біз XX ғасырда ата-бабаларымыз аңсаған арманды жүзеге асырып, егемен елімізді құрдық. Жаңа елорданы салдық. Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстанда жүзеге асқан іргелі істердің бәрі сендер үшін жасалғанын әрдайым есте ұстаңдар! Адамзат дамуы мүлдем басқа деңгейге көтерілген қазіргі заманда қасиетті Отанымызды одан әрі гүлдендіру, елімізді қарыштап дамыту Сендердің еншілеріңе жазып отыр. Қазақстанды әлемдік көштің алдына батыл шығаратын Сендер боласыңдар! Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін!», деп жырлағандай, біздің бүгінгі Отанымызға да дәл өздеріңдей жанарында оты, жүрегінде жалыны бар жастар қажет. Әлемнің түкпір-түкпірінде әр түрлі білім игеріп, соны Қазақстанның болашағына арнауға бел буғандарыңды, кеуделеріңде «Мен өз Отаныма не бере аламын?!» деген мәңгілік мұраттың барын сеземін. Қай жерде болмасын, барша қазақ жастарын елге деген осындай ыстық сезім біріктіретін болса, Қазақстанның жұлдызы жоғарыдан жарқырай түспек. Замана ағымын тап басатын тамаша ұрпақтың тәрбиелі ісін көру бізге де зор сүйініш. Дәл қазір дүбірлі дода - Лондон Олимпиадасында көк байрағымыздың желбіреп, Әнұранымыздың шырқалуы Қазақстанның спорттық елге айналғанын, бәсекеге қабілетті намысын ту еткен тамаша буынның қалыптасқанын көрсетті. Болашақ ертең емес, бүгіннен басталатынын білгендерің абзал. Таңдап түскен соқпақтарың даңғыл жолға айналсын! Болашақты бірге қалайық!», - деп жазды Н.Назарбаев.
Концерт барысында Қазақстанның сахна жұлдыздары өнер көрсетті. Ал Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова мен ауыр атлет Алмас Өтешевтің, сондай-ақ «Жаужүрек мың бала» фильмінің әртістері мен режиссерінің іс-шараға қатысуы жастардың патриоттық рухын тағы бір мәрте асқақтатты.