Қазақстанға жасалған кибершабуыл тасасында кімдер тұруы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Соңғы уақытта елімізге кибершабуыл жиілеп кеткені белгілі. Осы жайтқа орай «Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Олжас Сәтиев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта шабуылдардың тасасында нақты кім тұрғанын анықтау өте қиын. Оның артында өзге елдердің үкіметтік хакерлері де, кішігірім хакерлік топтар да болуы мүмкін», - деді Олжас Сәтиев агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Оның пікірінше, қандай да бір ақпараттық сылтау болған кезде, мәселен жас жігіттер хакерлік Telegram-чаттарда жиналып, Қазақстанға DDoS-шабуыл жасай алады. Оны анықтау қиын.

Олжас Сәтиевтің айтуынша, кибершабуылдар тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде жиілеп кетті. Сондай-ақ сарапшы шабуылдардың негізгі себебі жеке киберқауіпсіздік органының болмауына байланысты деп санайды.

«Иә, еліміз БҰҰ рейтингінің кибердайындық индексінде 118-орыннан 31-орынға көтерілді. Бірақ бізде жеке құрылым жоқ. Елімізге Киберқауіпсіздік агенттігі қажет. Мемлекет басшысына немесе киберқауіпсіздік мәселелерімен айналысатынҚауіпсіздік кеңесіне бағынатын жеке органның болуы өте дұрыс әлемдік тренд саналады», - дейді Олжас Сәтиев.


Соңғы жаңалықтар