Қазақстаннан 300 талапкер Түркия грантын иеленді
АСТАНА. KAZINFORM – 2024-2025 оқу жылында 300 қазақстандық студент Түркия Республикасының Türkiye Bursları гранттық бағдарламасы аясында Түркияның мемлекеттік университеттерінде оқуға мүмкіндік алды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл бағдарлама – Түркияда жоғары білім алу үшін толық қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, шетелдік студенттерді қолдауға бағытталған негізгі бастамалардың бірі.
Әлемнің түкпір-түкпірінен талантты талапкерлерге арналған Türkiye Bursları бағдарламасы 1991 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін Қазақстаннан бұл грантты 9 мыңнан астам студент иеленген еді.
Биылғы оқу жылына арналған грантқа ие болған қазақстандық студенттердің тізімі тамыз айында жарияланды.