Қазақстаннан АҚШ-қа алдағы екі жылда тікелей авиарейістер қатынайды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанның авиация өкілдерінің қатысуымен авиациялық қауіпсіздікті үйлестіру тобының бірінші отырысы өтті. Басқосуда Қазақстаннан Америка Құрама Штаттарына ашылатын тікелей рейстер сөз болды. Бұл жоба алдағы екі жылда жүзеге асады деген жоспар бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиынға қатысушылар, мұхит асатын тікелей рейс ашу үшін ең алдымен, қазақстандық әуе компанияларының бірі тиісті өтінім беруі керек екенін айтты. Өтінімді АҚШ авиациялық әкімшілігі қарастырады.
«Біз 2024 жылдың басына дейін барлық нормативтік базаны дайындауды жоспарлап отырмыз. Аудиттен өтуге және осы рейстерді ашуға дайынбыз. Сонымен қатар тиісті талапқа сай ұшақ болуы керек. Бұл әуекомпаниясының өтініміне тікелей байланысты»,- деді «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры Каталин Раду.
Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтың сөзінше, Америка тарапы авиация қауіпсіздігі мәселесін өте жоғары бағалайды.
«Алдағы екі жылда біз Америка Құрама Штаттарына әуе рейстерін ашуды жоспарлап отырмыз. Америка тарапы авиациялық қауіпсіздік мәселесін өте жоғары бағалайды. Біз әріптестерімізбен өте тығыз жұмыс жасаймыз және осы бастамалардың барлығына халықаралық азаматтық авиация ұйымдары әрқашан оң баға беріп отырады», - деді Талғат Ластаев.
Бұған дейін авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобының төрағасы болып ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев сайланғаны туралы жазған едік.