Қазақстаннан баға жетпес жәдігерлер сыртқа әкетілген

жәдігерлер
Фото: kettik.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстаннан баға жетпес жәдігерлер сыртқа шығарылған. Бұл жайында Бас прокуратура жанындағы активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков Jibek Joly телеарнасының «Қайтарылуы тиіс» деректі фильмінде айтты.

Еліміздегі және одан тысқары жерге шығарылған активтерді қайтаруға бағытталған күрделі процесс басталды.

Осыған орай Бас прокуратура халықаралық ынтымақтастық аясында түрлі елге мүліктерді бұғаттау және тәркілеу бойынша сұраныс та жіберіп отыр.

Мұндай елдердің қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Монако, Испания, Италия, БАӘ және өзге де елдер бар.

«Бірінші кезекте бұл сән-салтанаты келіскен жылжымайтын мүліктер — виллалар, қымбат тұрғын үй кешеніндегі апартаменттер, қымбат автомобильдер, қонақ үйлер, бизнес орталықтары. Олар — 1 млн, тіпті, кей жағдайда 1 млрд теңге болатын зергерлік бұйымдар мен бренд заттар. Бағалау жүргіздік, бірнеше жүздеген млн, тіпті одан да қымбат тұратын бренд заттар бар. Бұл люкс бөлігіне қатысты. Бірақ, мұнан бөлек, бұған дейін айтқанымдай қазірдің өзінде қайтарылған және қайтару процесінде тұрған түрлі кен орындары бар. Мемлекетке монополистерден кәсіпорындар, 10 мың гектардан астам жер қайтарылды», — дейді Нұрдәулет Сүйіндіков. 

Оның айтуынша, сонымен қатар тарихи-мәдени мұра жәдігерлері де қайтарылған. Сарапшылар олардың шынайы бағасын бере алмай отыр. 

«Сот процесіне жұмылдырылған сарапшылардың пікірінше, біздің дәуірімізге дейін жасалуы мүмкін заттар жайында сөз болуы ықтимал. Сондықтан да осынау тарихи-мәди мұраның бірегей жәдігерлері мемлекетке қайтарылғаннан кейін музейлерімізге берілетін шығар», — деді ол. 

Соңғы жаңалықтар