Қазақстаннан етті экспортқа шығаруға мүмкіндік мол - Нұржан Әлтаев
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстаннан етті шет елдерге, соның ішінде Қытайға экспортқа шығаруға мүмкіндік мол.
Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Облыстың агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорттық болашағы» деген тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Жиынды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Елбасының биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласы экономиканың драйвері болуы керектігі айтылып, осыған орай үлкен міндеттер қойылғаны белгілі. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге де кең жол ашылып отыр. Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттің қолдауымен ет экспортын арттыруға барынша жағдай жасалуда. Соның нәтижесінде 2011-2016 жылдары өңірде 5 мыңнан астам тонна етті сыртқа жөнелту көзделсе, ол 7800 тонна болып орындалды. Сондықтан бұл етті экспорттауға дайын тауар өндірушілерді дұрыс бағыттай білсе, мүмкіндіктің молдығын көрсетеді.
Нұржан Әлтаевтың сөзіне қарағанда, соңғы кезде қол жеткізілген келісімдер нәтижесінде Қытай қазақстандық тауарларға өз нарығын ашуға дайын. Қазір кедергілер бірінен кейін бірі алынуда. Күні бүгін азық-түлік, бал, қой етін жеткізуге келісім бар. Таяу уақытта қытайлық малдәрігерлік инспекторлар өңірлерге, соның ішінде Батыс Қазақстан облысына келіп, қой етін өндіретін кәсіпорындар жұмысымен танысады. Сондай-ақ жыл аяғына дейін сиыр етін шығару мәселесін де шешу ойластырылуда. Қытай нарығына күнбағыс майын да молынан жөнелтуге болады. Жалпы, Қытай алдағы бес жылда 5 трлн. доллардың тауарын сатып алуды жоспарлауда, соның 60 пайызын тамақ өнімдері құрамақ.
Сол секілді Израиль қой мен сиыр етін, тауық жұмыртқасын сатып алуға әзір. Қазақстандық өнімдерге Иран, Парсы шығанағы елдері де қызығушылық танытуда. Өткен жылдан бері Араб елдеріне қойды тірілей жеткізу жұмысы басталды. Алдағы мамыр айында Астанада қытайлық компаниялардың қатысымен форум ұйымдастырылатын болса, Израиль астанасы Тель-Авивте де сондай жиын өтеді. Міне, осы шараларға батысқазақстандық кәсіпкерлер де барып, байланыс орнатса, өздеріне тиімді болмақ.
Жиынға қатысқан «Атамекен» ҰКП сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Ереновтің мәлім еткеніндей, бұл ретте кәсіпкерлер қазақстандық өнімдерді экспорттау мәселесімен айналысатын сауда палатасымен бірге жұмыстануы керек. Біріншіден, экспортерлер базасы бар, екіншіден, сауда палатасы шет елдерге өнім шығаруға байланысты тауарды сертификаттау, қораптарға салу секілді мәселелерге қатысты мәлімет беріп, қолұшын береді.