Қазақстаннан Қытайға 1500 киікті беру процесі қалай іске асады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстаннан Қытайға жіберілетін 1500 киікті күтіп-бағуға қатысты отандық ғалымдары тиісті тексерулер жасай алады. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті.

Қытайда киік бар ма
Фото: forestry.gov.cn

- Киіктерді басқа елдерге беру процесі халықаралық және ұлттық заңнамаларға сәйкес, бірқатар кешенді рәсімді талап етеді. Бұл процесс тек әкімшілік сипатта емес, сонымен қатар ғылыми негіздемелерге сүйенеді. Ең алдымен, екі тараптың – жіберуші және қабылдаушы елдердің ғылыми ұйымдары бұл процеске белсенді қатысуы керек. Қазақстан жағынан отандық ғалымдар киіктерді басқа елге жіберудің биологиялық негіздемесін әзірлеуі қажет, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Бұл негіздеме киіктердің популяциялық жағдайын, генетикалық әртүрлілігін, оларды тасымалдаудың ықтимал әсерлерін жан-жақты талдауды қамтиды.

- Өз кезегінде, киіктерді қабылдаушы ел оларды ары қарай ұстауға қолайлы жағдайлар жасауы тиіс. Бұл жағдайлар киіктердің табиғи мекендеу ортасына жақын болуы, олардың қоректенуіне, көбеюіне және аурулардан қорғалуына қажет инфрақұрылымды қамтуы керек. Қазақстандық тарап жіберілетін жануарлар үшін барлық қажет жағдайлардың жасалғанына көз жеткізу мақсатында тиісті тексерулер мен мониторинг жүргізуге құқылы. Бұл қадамдардың барлығы киіктердің сақталуын қамтамасыз етуге, олардың жаңа ортада сәтті бейімделуіне және халықаралық деңгейдегі табиғатты қорғау принциптеріне сәйкес келуіне бағытталған, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Еске салсақ, жақында Қазақстан Қытайға 1500 киікті сыйға тартатыны мәлім болды.

Осы орайда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл шешімге қатысты ойын ортаға салды.

 

Соңғы жаңалықтар