Қазақстаннан Қытайға баратын барлық автобус пен пойыз уақытша тоқтатылды - ИИДМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Уақытша тоқтаған пойыздар мен автобустардың рейстері туралы ҚР ИИДМ Көлік комитетінің төрағасы Самат Ғылымов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстаннан Қытайға баратын барлық автобус пен пойыз уақытша тоқтатылды - ИИДМ

«Қытай Халық Республикасындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҚР Үкіметі коронавирустың ел аумағына таралуын болдырмау шараларын қабылдап жатыр. Осыған байланысты 2020 жылғы 27 қаңтардан бастап Алматы – Нұр Жолы – Үрімжі, Өскемен – Майқапшағай – Үрімжі, Жаркент – Қорғас – Құлжа, Аягөз – Бақты – Зимұнай бағыттарында автобус қатынастары уақытша тоқтатылды», - деді Самат Ғылымов министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, сондай-ақ осы жылдың 1 ақпанынан бастап №13/14 Алматы-Үрімжі, №53/54 Нұрсұлтан - Үрімжі бағыттарында қатынайтын жолаушылар пойыздарының бағдары Достық стансасына дейін қысқартылады (ҚР шекарасы аясында). Яғни, бұл пойыздар Достық стансасына дейін барады да, Қытай аумағына кірмейді. Сол секілді №103/104 Үрімжі - Алматы жолаушылар пойызы қозғалысын Қытай теміржолымен қалыптастыру тоқтатылады. 1 ақпаннан бастап Достық - Алашанькоу, Алтынкөл - Қорғас бағыттары бойынша да темір жол қатынасы уақытша тоқтатылады», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша бірқатар қосымша қорғану шараларын қабылдаған болатын.