Қазақстаннан Парижге қалай жетуге болады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір Франция астанасы Париж әлем назарында. Бүгін XXXIII жазғы Олимпиаданың алауы тұтанады. Бүгінде спорт сүйер қауым Франция астанасына ағылып жатқан шығар. Осы орайда еліміздің Көлік министрлігінен Парижге жетудің жолын сұраған едік.

Самолеты  Air astana Эйр астана Ұшақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Қазақстан мен Франция аралығында қолданыстағы нормативтік – құқықтық базаға сәйкес әр тараптан аптасына үш рет тұрақты рейсті орындау рұқсат етілген. Осылайша, 2015 жылдан бастап «Air Astana» компаниясы COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін (2020 жыл) «Астана – Париж» бағыты бойынша тікелей әуе рейстерін орындады», - делінген министрлік берген жауапта. 

Көлік министрлігінің мәліметінше, қазір елімізден Парижге тікелей әуе рейсі қатынамайды, бірақ қазақстандықтар Еуропа қалалары арқылы жете алады. 

Атап айтқанда, Лондон (Ұлыбритания), Франкфурт (Германия), Прага (Чехия), Милан (Италия), Варшава (Польша), Ыстамбұл, Анкара (Түркия) арқылы жазғы Олимпиада шаһарына ұшып баруға болады. 

«Бүгінде 2 қазақстандық («Air Astana», «SCAT») және 5 шетелдік әуе компаниясы («Lufthansa», «LOT Polish Airlines», «NEOS», «Turkish Airlines», «Pegasus Airlines») Еуропаның 6 еліне аптасына 114 рейс жиілігімен 17 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайды», - дейді ведомстводан. 

Сондай-ақ, министрліктен Қазақстан Республикасында әлемдік тәжірибеге сәйкес әуе көлігінің бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтіндігі хабарланды. 

Айта кетейік, санаулы сағаттан соң Париж-2024 Олимпиадасы салтанатты түрде ашылады. 

Jibek Joly телеарнасы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін орталық саябақта Париж Олимпиадасының ашылу салтанатын тікелей эфирде, ашық аспан астында тамашалауды ұсынады

Соңғы жаңалықтар