Қазақстаннан Ресей арқылы Еуропаға тасымалданатын экспорт жүгі 6% кеміген
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстаннан Ресей арқылы Еуропаға 9 айдың ішінде тасымалданған экспорттық жүк көлемі былтырғыдан 6 пайызға кеміген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еуропа елдері бойынша 6,5 млн тонна экспорттық жүк, 122,6 мың тонна импорттық жүк және 3,5 млн тонна транзиттік жүк тасымалданды. Еуропалық Одаққа Ресей арқылы жылдың 9 айында 6,2 млн тонна экспорттық жүк жөнелтілді. Бұл былтырғыдан 6% аз», - деді комитет өкілі Kazakhstan Global Investment Roundtable-2022 атты жаһандық инвестиция жөніндегі дөңгелек үстелдің жалпы отырысында.
Оның айтуына қарағанда, Қытайдан Еуропаға Қазақстан аумағы арқылы контейнермен тасымалданатын жүк көлемі де азайған.
«Контейнермен тасымалданатын жүкке келсек, Қытай-Еуропалық Одақ-Қытай бағытында жиырма футтық эквиваленттегі 377,6 мың контейнер жөнелтілді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 23% аз», - деді Қасым Тілепов.