Қазақстаннан Ресейге алтын рудасын асырмақ болған азамат құрықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан-Ресей шекарасында орналасқан «Обаған-авто» бақылау-өткізу бекетінің шекара наряды осы жылдың 20-сәуір күні алтын құрамдас тасты контрабандалық жолмен алып өтпек болған 49 жастағы Александр есімді Қазақстан азаматын ұстады, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
Аталған алтынтас жерлесіміздің «Лексус 470» автокөлігін шекаралық бақылаудан өткізу кезінде жүксалғышынан табылды. Скотчпен оралған құнды тастың салмағы 300 грамм болып шықты. Алдын ала тергеу кезінде ол заттың 50 жастағы Владислав есімді Ресей Федерациясының азаматына тиесілі екендігі анықталды. Азаматтық іс жүріп жатуына байланысты Владиславтың Қазақстан аумағынан шығуға болмайтындығы анықталды. Сол себепті ол алтынтасты досының көмегімен шекара асырмақ болғандығы мәлім болды.
Аталған іс бойынша деректер Қостанай облысы Ұзынкөл аудандық ішкі істер бөліміне берілді.