Қазақстаннан төрт теннисші Әбу-Даби турниріне қатысады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстаннан төрт теннисші Әбу-Дабиде өтетін WTA турниріне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведованың айтуынша , 5-13 қаңтар аралығында болатын аталмыш додада өзімен бірге Елена Рыбакина, Зарина Дияс және Юлия Путинцева өнер көрсетпекші.
Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін Қазақстан құрамасы Дубайда оқу-жаттығу жиынында болған. Онда Я.Шведова, Е.Рыбакина, З.Дияс, Анна Данилинаға кейін Жібек Құламбаева мен Гөзал Айнитдинова қосылған.
«Біз Әбу-Дабидегі жарыстан кейін Аустралияға ұшып, сонда екі апталық карантинде боламыз. Одан шыққаннан кейін Мельбурнда тағы бір турнирде ойнауды көздеп отырмыз. Сосын Аустралия ашық чемпионатында бақ сынаймыз. Жібек пен Гөзал Алматыда жаттығуларын жалғастырып, алдағы челленджер жарыстарына дайындалады», деді Я.Шведова.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, кезінде жұптық сында «Үлкен дулыға» турнирінің екі мәрте жеңімпазы атанған Я.Шведова соңғы үш жарым жылдай уақыт бойы кортқа шыға қойған жоқ.
Бұған жарақаты әсер етті әрі сәбилі болды. Тек биыл ақпанда ғана Ярослава құрама сапына қайта оралып, 2017 жылдан бергі алғашқы матчын өткізді.
Жуырда ол Аустралия ашық чемпионатының негізгі турниріне шақырту алды.