Қазақстаннан Түркияға бірқатар әуе рейстері кешігіп немесе кейінге шегеріліп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана мен Алматыдан Түркияға қатынайтын бірқатар әуе рейстері кешігіп немесе кейінге шегеріліп жатыр.
Бұл туралы блогер Әлішер Елікбаев өз твитерінде :«Алматы әуежайында тұрмын. Антатияға ұшатын Atlas Global рейсі кешігіп жатыр. Жолаушылар ұшақ бортында. Ыстамбұлға баратын Turkish Airlines рейсі кейінге шегерілді », - деп жазды.
Ал Астана әуежайының анықтамасында Астана-Ыстамбұл рейсі 2,5 сағатқа кешігетіні туралы айтты.
Бұған дейін хабарланғандай, Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым елде әскери төңкеріс жасауға әрекет жасалғандығы жөнінде мәлім еткен болатын.
Түркияның Бас штабы президенттің биліктен тайдырылып, елді басқаруды қолға алғандарын мәлімдеді. Әскерилер билік қалпында қалып, барлық халықаралық байланыстар сақталатындығына сендірді. Сондай-ақ Түркия премьер-министрі әскери төңкеріске байланысты елдегі әуе кеңістігі толықтай жабылатынын айтты.