Қазақстаннан тысқары жерлерде қосымша 21 сайлау учаскесі ашылады - ҚР СІМ

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстаннан тысқары жерлерде қосымша 21 сайлау учаскесі ашылады. Бұл туралы бүгін апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Абибуллаев мәлім етті.

Қазақстаннан тысқары жерлерде қосымша 21 сайлау учаскесі ашылады - ҚР СІМ

Еліміздің сыртқы саясат ведомствосының Қазақстан азаматтарының сайлауға қатысу құқығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарына тоқталған ол: «ҚР Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясымен және Астана қаласының әкімдігімен бірге елімізден тысқары мемлекеттерде қосымша 21 сайлау учаскесін ашу туралы шешім қабылдады. Осы уақытқа дейін сайлау 35 учаскеде өтетін. Олардың жалпы саны 56-ға жетті», деді ол.

Оның атап өтуінше, аталған шаралардың басты мақсаты Қазақстан аумағынан тысқары жерде уақытша немесе іссапарда жүрген ел азаматтарының Конституциялық құқығын толығымен қамтамасыз ету болып табылады.

«Сыртқы істер министрлігі 15 қаңтарда өтетін сайлауды шет мемлекеттерде өте сапалы және жоғары деңгейде өткізу жөнінде Қазақстанның барлық сыртқы дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларына тиісінше тапсырма берген болатын», деді А.Абибуллаев.