Қазақстаннан Вьетнамға сапарлаған адамдардың саны күрт өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.
Келісімге Ханой қаласында 2023 жылғы 21 тамызда қол қойылды. Шарт Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды өзінің азаматтығы тиесілі мемлекетте жазасын өтеу үшін беру мәселелері жөніндегі қатынастарды реттеуге бағытталған. Заңды қабылдау Вьетнам аумағында Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерінің сақталуына, жасалған құқық бұзушылық үшін жазасын өтеу орнын таңдауға ықпал ететін болады.
«Шарттың талаптарына тоқталсақ, сотталған адам екі елдің бірінің азамат болуы тиіс және өз еркімен елге қайтару туралы келісімі керек. Құжат екі ел арасында сауда-экономикалық, кәсіпкерлік, туристік және басқа да қарым-қатынастардың дамуын ескере отырып жасалды. Мәселен, 2020 жылы 1 мыңға жуық Қазақстан азаматы Вьетнамға барса, ал 2024 жылдың 9 айында бұл елге сапарлаған адамдардың саны 106 мыңға дейін өскен. Еліміздің азаматтарының құқығын барынша қорғау маңызын ескере отырып, аталған заңды қабылдауды сұраймыз», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, Қазақстан Республикасы 23 елмен – Әзербайжан, Украина, Түрікменстан, ҚХР, Испания, Түркия, Италия, Мажарстан, Румыния, Үндістан, Иран, Сербия, Сауд Арабиясы, Литва, Иордания, Моңғолия, Бразилия, БАӘ, Корея Республикасы, Болгария, Солтүстік Македония, Өзбекстан, Кипрмен осындай шарттар жасасты.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Бәйтілесов бұл келісім қылмыс жасағаны үшін сотталған екі елдің азаматтарына жазасын өз елінде өтеуге мүмкіндік беретінін айтқан болатын. Демек, сотталғандарды оңалтуға және өз ұлтының қоғамына бейімделуі үшін қолайлы жағдай туғызады.