Қазақстаннан ядролық материалдардың қолды болып кетуі еш мүмкін емес - Б. Жақсалиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстаннан ядролық материалдардың қолды болып кетуі еш мүмкін емес. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев осылай мәлім етті.

Қазақстаннан ядролық материалдардың қолды болып кетуі еш мүмкін емес - Б. Жақсалиев

Тоқтала кететін жайт, өткен аптада ТМД Терроризмге қарсы орталық басшысы Андрей Новиков Қазақстанның ядролық заттарды қамтамасыз етуіне байланысты сенімсіздік білдіретіндей мәлімдеме жасаған еді. Осыған байланысты журналистер сауалына вице-министр аталған мәлімдемені «негізсіз, фактісі де жоқ» деп жауап берді.

«Бірден айтайық, біз бұл үдеріске белсенді түрде қатысып келеміз. Мемлекеттік орган ретінде біздің министрліктің осы мәселеге қатысы бар. Бұған дейін қабылданған ядролық материалдарды қадағалау бойынша Үкімет шешімдері қабылданған. Біздің шараларымыздың бәрі транспарентті, Қазақстан халықаралық міндеттемелерді толық орындап отыр. Ең бастысы ешқандай да ядролық материалдардың қолды болып кетуі мүмкін емес», - деді Б. Жақсалиев.

Бұдан бөлек, вице-министр Маңғыстау облысындағы орын алған радиоактивті цезий контейнерінің жоғалуымен байланысты оқиғаға да тоқталып өтті. «Мәселе, осы факті төңірегінде болса, онда бұл оқиғаға қатысты арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Шындығында, бұл адам нанғысыз оқиға, таза немқұрайлылық. Алайда, бұл бақылаудың нашарлығын білдірмейді», - деді Б. Жақсалиев.