Қазақстаннан жылына 1 қаланың тұрғындары көшіп кетіп отырды - Президент
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің елең-алаңында жылына 1 қаланың тұрғындары көшіп кетіп отырды.
Бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«1991 жылдан бастап Қазақстаннан түрлі себептермен шамамен 3,6 млн. адам көшіп кетті. Шын мәнінде жыл сайын бізден 1 қаладан кетіп отырды және осы жылдары ел халқының саны 17,5 миллионнан 14 миллион адамға дейін қысқарды. Бұл біздің экономикамызға қосымша ауыр соққы болған еді. Әлемге біз қызықты емес едік. Қажетіміз болған жоқ. Бүгін мұның барлығы да небәрі 25 жыл бұрын болғанын ойлап көрудің өзі қиынға соғады», - деп атап өтті Елбасы.
ҚР Президенті сол бір қиын-қыстау кезеңді бүгінгі аға буын жақсы білетіндігін баса айтты.
«Біз бәріміз бірге барлық қиындықтардан өтіп, мықты бола түстік», - деп атап өтті Назарбаев.