Қазақстанның 15 өңірінде жаңбыр жауып, жел күшейеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның 15 өңірінің тұрғындарына жаңбыр, найзағай, тұманға байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.

Қазақстанның 15 өңірінде жаңбыр жауып, жел күшейеді
Фото: pixabay

Абай облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман түседі. Солтүстік және шығыс бөліктерінде солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады. Облыстың оңтүстік-батысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Ақтөбе облысының солтүстігінде түнде, батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстіктен соғатын жел кейін солтүстік-батысқа ауысып, күндіз облыстың солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Орталық және солтүстік-шығыс бөліктерінде жоғары өрт қаупі, облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы облысының таулы аудандарында түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауып, тұман түседі. Солтүстік-шығыстан, солтүстіктен соғатын жел таулы аудандарда 18 м/с-қа дейін күшейеді. Орталық, батыс және оңтүстік бөліктерінде төтенше, шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

26 тамызда Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз облыстың солтүстігі мен шығысында шаңды дауыл болады. Оңтүстік-батыстан соғатын жел кейін солтүстікке ауысып, солтүстік және шығыс бөліктерінде екпіні 15-18 м/с-қа жетеді. Облыста төтенше өрт қаупі сақталады.

Ақмола облысының батысы мен оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі.

Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік және шығыс бөліктерінде кей уақытта қатты жаңбыр жауып, күндіз бұршақ жауып, дауыл болуы мүмкін. Түнде және таңертең солтүстік пен шығыста тұман түседі. Солтүстік, шығыс және оңтүстікте солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады.

Жамбыл облысында оңтүстік-батыста, солтүстік-шығыста және таулы аудандарда солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа жетеді. Төтенше өрт қаупі, облыстың шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Жетісу облысының шығысы мен таулы аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең таулы аудандарда тұман түседі. Шығыста солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20, күндіз кей уақытта 23-28 м/с-қа дейін күшейеді. Орталық, оңтүстік және шығыс бөліктерінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысында төтенше өрт қаупі, солтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең солтүстігінде тұман түседі. Күндіз батысы мен солтүстігінде оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с болады. Оңтүстігінде күндіз аптап ыстық 35 градусқа дейін жетеді. Солтүстік-батысы мен шығысында жоғары, оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен орталығында төтенше өрт қаупі күтіледі.

Маңғыстау облысының батысы, солтүстігі мен орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батыстан, солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с болады. Күндіз ауа температурасы 38-39 градусқа дейін көтеріледі. Батысы мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысының оңтүстігі мен шығысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең солтүстігі мен шығысында тұман түседі.

Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с болады.

Ұлытау облысының шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Төтенше өрт қаупі сақталады.

Осыдан бұрын Шығыс Қазақстанда күздің алғашқы айында ауа райы құбылмалы болатыны айтылды.