Қазақстанның 20 өңірінде «Жасампаз AI» жобасы жүзеге асырылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 270 мыңнан астам адам жасанды интеллект құралдарын, цифрлық сервистерді пайдалануды, контент жасауды және өз жобаларын әзірлеуді үйренеді. Бұл үшін «Әділет» партиясының жастар қанаты Қазақстанның 20 өңірінде «Жасампаз AI» жобасын жүзеге асырмақ. Бұл туралы «Әділет» партиясының баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстанның 20 өңірінде «Жасампаз AI» жобасы жүзеге асырылмақ
Фото: «Әділет» партиясы

    Бүгінде жасанды интеллектіні меңгеру тек технология саласының мамандарына ғана қажет дағды емес. Оны оқушы да, мұғалім де, кәсіпкер де, түрлі салада еңбек ететін азамат та күнделікті жұмысында пайдалана алады. Мәселен, мәтін әзірлеу, ақпаратты жүйелеу немесе күрделі тапсырмаларды жеңілдету үшін ЖИ құралдарына жүгінуге болады. Бірақ мұндай мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін білім мен тәжірибе қажет.

    2. Қазақстанның 20 өңірінде «Жасампаз AI» жобасы жүзеге асырылмақ
    Фото: «Әділет» партиясы

    «Жасампаз AI» жобасы тек жастарға арналмаған. Оған жаңа мүмкіндіктерді меңгергісі келетін кез келген адам қатыса алады.Бұл ретте қалалық ортада технологияға қол жеткізу мүмкіндігі көбірек болғанымен, ауыл тұрғындарының да жаңа цифрлық құралдарды игеруіне жағдай жасау мәселесі назарға алынған.

    Жобаның іске асуы Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласындағы алғашқы іс-шаралардан басталды. Батыс Қазақстанда өткен «Халыққа арналған цифрлық кеңседегі AI» шеберлік сабағында қатысушылар электронды мемлекеттік қызметтерді алу жолдарымен танысты. Арнайы терминалдар арқылы жеке куәлік пен паспорт рәсімдеу тәртібі көрсетіліп, цифрлық сервистерді өз бетінше пайдалану жолдары түсіндірілді.

    «Жастар Рухы» жастар қанатының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Ерлік Шамғалидың айтуынша, мұндай тәжірибелік сабақтар жастардың электронды мемлекеттік қызметтерді өз бетінше пайдалану машығын қалыптастыруға көмектеседі.

    Жасанды интеллект
    Фото: «Әділет» партиясы

    — Бүгінде көптеген қызмет автоматтандырылған. Мысалы, құжат рәсімдеуге арналған жаңа терминалдар уақытты едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз — жастарға осындай технологияларды меңгертіп, оларды күнделікті өмірде еркін қолдануға көмектесу — дейді ол.

    Ал Шымкентте өткен форумда жасанды интеллектіні бизнес пен медицинада, сондай-ақ жаңа технологияларды жасау ісінде қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Қатысушылар стартаптар мен машиналық оқытуды дамыту мәселелерін қозғап, MedTech Startup Battle байқауы мен Decentrathon хакатонында жобаларын таныстырды. Форумға қатысқан Арлен Асылбекұлының пікірінше, жасанды интеллектіні іс жүзінде меңгеру жастарға еңбек нарығында қажет дағдыларды игеруге жол ашады.

    — Біз жасанды интеллект құралдарын күнделікті өмірде, оқуда және жұмыста қолдануды тәжірибе жүзінде үйрендік. Мұндай білім жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге, жаңа мамандықтарды игеруге және болашақта өз кәсібін ашуға көмектеседі деп ойлаймын, — дейді IT маманы.

    Жобаның ауқымы үш бағытқа бөлінген. AI Academy бағдарламасы бойынша 50 мыңнан астам жасты оқыту көзделген. Олар жасанды интеллект көмегімен мәтін, сурет, бейнеролик және баяндамаға арналған көрнекі материал әзірлеп, смартфон арқылы сапалы фото-бейне түсіруді үйренеді.

    2. Қазақстанның 20 өңірінде «Жасампаз AI» жобасы жүзеге асырылмақ
    Фото: Әділет

    AI Challenge бағыты 20 мыңнан астам қатысушыны біріктірмек. Бұл кезеңде жастар алған білімдерін шығармашылық және технологиялық жобалар әзірлеуге жұмсайды. Байқау 20 өңірлік және бір республикалық кезеңнен тұрады.

    Ал AI Ауылға бағдарламасы ауылдық жерлердегі цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған. Қазақстанның мыңнан астам ауылындағы 200 мыңнан астам мұғалім мен оқушыны қамту жоспарланған. Оқыту барысында жасанды интеллектіні, онлайн сервистер мен білім беру платформаларын сабақта және күнделікті өмірде қолдану тәсілдері үйретіледі.

    Айта кетейік, бұған дейін «Әділет» партиясы азаматтар мен бизнес өкілдерінің құқықтық мәселелерін шешуге бағытталған «Әділетті Орта» жобасын іске қосқаны туралы жазған едік.