Қазақстанның аккредиттеу жүйесі әлемдегі үздік 32 елдің қатарына кірді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан аккредиттеуді дамыту деңгейі бойынша 185 мемлекеттің ішінде 32-орынды иеленді, деп хабарлайды Global Quality Infrastructure Index (GQII) 2025 деректері.
Жаһандық сапа инфрақұрылымы индексінің жалпы рейтингінде Қазақстан 48-орынға жайғасқан. Елдің көрсеткіштері ұлттық сапа инфрақұрылымының үш негізгі құрамдас бөлігі – аккредиттеу, метрология және стандарттау бойынша бағаланды.
Қазақстан ең жоғары нәтижені аккредиттеу саласында көрсетіп, 32-орынға тұрақтады. Метрология бойынша еліміз 43-орында, ал стандарттау саласында 70-орында тұр.
Аккредиттеу – сапа инфрақұрылымының негізгі элементтерінің бірі. Ол сынақ және калибрлеу зертханаларының, сертификаттау және инспекциялық органдардың құзыреттілігін ресми түрде тануды қамтамасыз етеді.
– Тиімді жұмыс істейтін аккредиттеу жүйесі сынақ, өлшеу және сертификаттау нәтижелеріне деген сенімді арттыруға ықпал етеді, сондай-ақ олардың нәтижелерін халықаралық деңгейде тану үшін жағдай жасайды, – делінген Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінде.
GQII индексі әлемнің әртүрлі елдеріндегі сапа жүйелерінің даму деңгейін салыстыруға мүмкіндік береді. Рейтингті қалыптастыру кезінде аккредиттеу, стандарттау және метрология салаларындағы көрсеткіштер талданады.
Индекс сапа инфрақұрылымының ресми институттарының ашық деректері негізінде жасалады. Оның ішінде метрология, стандарттау және аккредиттеу саласындағы халықаралық ұйымдар мен ұлттық органдардың мәліметтері пайдаланылады.
GQII нәтижелері ұлттық сапа инфрақұрылымының жай-күйін бағалап, оның даму деңгейін халықаралық көрсеткіштермен салыстыруға мүмкіндік береді. Дамыған сапа инфрақұрылымы өнімдер мен қызметтерге деген сенімді қамтамасыз етуге, халықаралық сауданы дамытуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Жаһандық сапа инфрақұрылымы индексі – Mesopartner бастамасы. Жоба Германияның Ұлттық метрологиялық институты (PTB) мен Германияның Экономикалық ынтымақтастық және даму федералды министрлігінің (BMZ) көпжылдық қаржылық және мазмұндық қолдауымен, ұлттық сапа инфрақұрылымы органдары мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен жүзеге асырылады.
2023 жылдан бастап жоба БҰҰӨДҰ (ЮНИДО) және INetQI серіктестерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.
Айта кетейік, 2027 жылдан бастап жоспарлы аккредиттеу бағалаулары онлайн форматта өтеді.