Қазақстанның батыл қадамы: ICAO президенті авиация болашағы мен экологиядағы көшбасшылық туралы айтты
2024 жылы Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымында (ICAO) Тұрақты өкілдігін ашты. Осыған орай Ұйым Кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитано Kazinform агенттігіне сұхбат беріп, еліміздің авиация саласындағы ұмтылыстарына баға берді.

– Биыл Халықаралық азаматтық авиация ұйымында Қазақстанның Тұрақты өкілдігі ашылғанын білеміз. Ал Қазақстан мен аталған ұйым арасындағы ынтымақтастық қандай негізгі бағыттарды қамтып отыр?
– Мен жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездестім. Осы басқосу берік серіктестікте жаңа көкжиек ашты. Тимур Тілегеновтің басшылығымен ICAO-да Қазақстанның Тұрақты өкілдігін құру стратегиялық ынтымақтастықта тікелей байланыс орнатып, қарым-қатынасымызды нығайтты. Сондай-ақ біздің өңірлік директорымыз Николас Ралло мен Қазақстан үкіметінің өкілдері, Азаматтық авиация комитетінің арасында үйлесімді жұмыстар атқарылғанына қуаныштымын.

Қазақстан теңізге шыға алмайтын ірі ел, көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын ерекше мәртебесі бар. Бұл әріптестік аталған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды мәнге ие.
Париждегі өңірлік кеңсеміздің қызметін Қазақстан белсенді қолдауда, көрші елдермен өз тәжірибесін бөлісіп, ұйым бастамаларында жетекші әріптеске айналды. ICAO-ның іс-шараларын қабылдаушы тарап ретінде рөлі артты, өңірлік авиацияны дамытуға мүдделі отыр. Бұның бәрі қауіп-қатерлерді бағалау жөніндегі «Green Airports» өңірлік семинарын қамтыған «Қазақстандағы ICAO апталығы» кезінде көрсетілді.
Мен келесі жылы Қазақстанға ресми сапармен баруды жоспарлап отырмын. Сол кезде ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын зерделеуге мүмкіндік туады.
– Жалпы, ICAO Қазақстандағы азаматтық авиацияның дамуын қалай бағалайды? Елдегі әуе сапарларының қауіпсіздігі халықаралық стандарттарға сәйкес келе ме?
– 1992 жылы ICAO-ға қосылған сәттен бастап Қазақстан Орталық Азияда жоғары стандарттарға қол жеткізіп, өзінің азаматтық авиация жүйесін ұдайы дамытып келді. Ел алғашқы қадамын ұйымның Монреаль (1999), Варшава, Бейжің және Кейптаун конвенцияларын ратификациялаудан бастады. Бұл авиацияны дамыту үшін берік негіз еді. USOAP және USAP бағдарламалары бойынша өңірдегі ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу – Қазақстанның дамуындағы алғышарт іспетті. Осылайша, аталған ел қауіпсіздік пен қорғанысты тұрақты түрде қамтамасыз етуде.
Қазақстан басқа да көптеген жетістіктерімен ерекшеленеді. Мысалы, Салтанат Томпиева – Орталық Азия елдерінде азаматтық авиация саласына басшы болған алғашқы әйел. Осының өзі көшбасшылыққа прогрессивті көзқарас барын көрсетеді. Бұдан басқа, Қазақстан тәуелсіз тергеу органын құрған ТМД-ның бірінші мемлекеті болды.

Жалпы, Қазақстанның авиациялық экожүйесі өте кең, операторлар мол. 4 қазақстандық авиакомпанияны қоса алғанда, 20-дан астам пайдаланушы сертификатының иегерлері бар. Тұрақты рейстерді орындайтын 30-дан астам шетелдік тасымалдаушы қызмет етеді.
– Қазақстан ТМД елдері арасында ICAO-мен келісімге қол қойған және экологиялық таза авиация отыны (ACT-SAF) бағдарламасына қосылған бірінші мемлекет атанды. Осы келісім аясында қандай жобалар жоспарлануда? Ұйым тұрақты авиация отынын енгізу үшін елімізге қандай қолдау көрсетеді?
– Бұл тұста Қазақстан әуе сапарларын барынша экологиялық таза ету үшін батыл қадамдар жасағанын айтқым келеді. Олар Орталық Азияда бірінші болып екі маңызды экологиялық бастамаға қосылды.
Біріншісі, тексерілген экологиялық жобаларды инвестициялай отырып, авиакомпанияларға көміртегі шығарындыларын өтеуге көмектесетін CORSIA бастамасы.
Екіншісі, авиацияның қоршаған ортаға зиянын азайтатын жетілдірілген отын – тұрақты авиация отынын әзірлеуді және пайдалануды ілгерілететін ACT-SAF.
Осы бастамаларға ерікті түрде қосылып, әсіресе, 2050 жылға қарай көміртектің нөлдік шығарындыларына қол жеткізудегі ортақ мақсатымыз аясында көрегендік танытқанын ерекше атап өткім келеді.
Маңызды қадамдарға өз өңірінде шынайы көшбасшылық көрсетіп, өз еріктерімен әрекет етіп жатыр. Қазақстан авиацияның болашағы тұрақты болуға тиіс екенін жақсы түсінеді және осыған жету жолында көмегін беруде.
Біз отынның экологиялық таза түрлерін дамытып, пайдалана алуы үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Бұл Қазақстанның авиациялық секторына ғана пайда әкеліп қоймай, өңірдің басқа елдері үшін де үлгі болады. Мемлекеттің көзқарасы экология мен авиацияның дамуы үшiн үлкен жауапкершiлiк арқалағанын көрсетіп тұр.