Қазақстанның борыш жүктемесі 5 жыл бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді – Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанның сыртқы қарызы 170,5 млрд долларға жетуі туралы пікір білдірді.

сүлейменов
Фото: ҰБ

Ұлттық банк басшысы аталған соманың басым бөлігі Қазақстан аумағында жұмыс істейтін шетелдік инвесторлардың өз еліндегі бас кеңселері алдындағы борышы құрайтынын еске салды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қарыздың көлемінен бұрын оның жалпы ішкі өнімге пайызбен шаққандағы қатысы маңызды екенін айтты.

– 2018, 2019 жылдарды алсақ, сыртқы қарыздың көлемі 160-170 млрд доллардың төңірегінде болған еді. Шамамен қазіргідей деңгейде болатын. Бірақ ол кезде ЖІӨ көлемі де 170 доллар болатын. Демек сыртқы қарыздың ЖІӨ-ге қатысы 110–120% болды. Қазір мемлекеттік борышымыздың ЖІӨ-дегі деңгейі 57-58% болып отыр. Яғни, борыш жүктемесі соңғы 5 жылда әлдеқайда жеңілдеді, - деді Тимур Сүлейменов.

Айтуынша, мұндай оң тенденцияға экономиканың өсуі мен кейбір сыртқы міндеттемелерді қайта қарау шарасы жол ашып отыр.

Еске салайық, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы өзгеріссіз қалдырды.