Қазақстанның даму стратегиясы қоғаммен бірлесіп әзірленуі керек – Ғазиз Әбішев

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеуге отандық сарапшыларды тарту қажет. Өйткені елдің болашақ даму бағытын айқындау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл туралы саясаттанушы Ғазиз Әбішев Kazinform агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Ғазиз Әбішев
Фото: жеке мұрағатынан

Саясаттанушы Президент жанынан құрылған стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобының маңызына тоқталып, мұндай кеңесші құрылымдардың мемлекеттік шешімдер қабылдауда өзіндік орны бар екенін атап өтті.

– Консультативтік-кеңесші органдардың маңызы зор. Біздің қоғамда билік ел ішінде болып жатқан үдерістерге құлақ асады. Сондай-ақ жекелеген сарапшылар мен пікір көшбасшыларының түпкілікті жобаны қалыптастыруға қажетті идеялар ұсына алатынын мойындайды. Бұл идеяларды қалың көпшілікке жеткізу де маңызды. Осылайша, стратегиялық шешімдердің қоғам тарапынан мойындалуына және елдің даму бағыты жөнінде ортақ келісімге қол жеткізуге болады, - деді Ғазиз Әбішев.

Оның пікірінше, маңызды мәселелерді көпшілікпен ақылдасып шешу қазақ қоғамына жат құбылыс емес. Керісінше, бұл дәстүрдің тарихи тамыры тереңде жатыр. Саясаттанушы кеңесіп шешім қабылдау мәдениеті Қазақ хандығы дәуірінен қалыптасқанын еске салды.

– Кеңесіп шешім қабылдау – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан саяси мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қазақ хандығы тұсында да ұлт көсемдері, зиялы қауым өкілдері, сұлтандар, байлар мен батырлар бас қосып, маңызды мәселелерді талқылаған. Бізде бір адамның шешім қабылдап, қалғандарының оған сөзсіз бағынуы қалыптасқан дәстүр емес. Сондықтан мұндай сарапшылық алаңдардың құрылуы қоғамымыздың тарихи ерекшеліктеріне де сәйкес келеді, - деді саясаттанушы.

Ғазиз Әбішев сараптама тобының жұмысын өзіндік нейрожеліге теңеді. Оның түсіндіруінше, әр маман өз саласы бойынша жұмыс істеп, бірлескен талқылау барысында стратегиялық идеяларды қалыптастырады.

Саясаттанушы Қазақстанның бұған дейінгі стратегиялық жоспарлау тәжірибесіне де тоқталды. Кеңес Одағы кезеңінде бесжылдық жоспарлар мен коммунизм құру идеясы негізгі бағдар болса, тәуелсіз Қазақстанда «Қазақстан–2030», «Қазақстан–2050» стратегиялары және бесжылдық даму жоспарлары қабылданды. Ендігі міндет – келесі ұрпаққа қандай мемлекет қалдыру керегін айқындау.

– XXI ғасырдың екінші жартысында елді дамытатын келесі ұрпаққа біз қандай мемлекет қалдырғымыз келетінін анықтау маңызды. Қай бағытқа жүзерін білмеген кемеге қай жел де оңынан соқпайды. Сондықтан болашақтың нақты моделін жасап, оны стратегия түрінде қалыптастыру қажет. Оның идеологиялық негізі, нақты іске асыру тетіктері және қоғамды дамыту жолдары болуы тиіс. Мұның барлығын ойластыру керек, - деді ол.

Сарапшының айтуынша, елдің болашақ даму моделін жабық кабинетте әзірлеп, дайын құжат ретінде ұсынуға да болады. Бірақ мұндай ауқымды міндет үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, оған отандық сарапшыларды тарту қажет.

– Бәлкім, осыдан 20 жыл бұрын батыстық кеңесшілерге ондаған миллион доллар төлеп, біздің жағдайымызға бейімделмеген, сырттай мінсіз көрінетін құжат әзірлетер едік. Қазір жағдай басқаша. Қоғаммен, сарапшылармен белсенді диалог жүргізіліп жатыр. Еліміздің нақты жағдайын жақсы білетін мамандар көп. Сондықтан осы комиссия олардың көмегіне жүгініп отыр, - деді Ғазиз Әбішев.

Саясаттанушы жаңадан құрылған сараптама тобының құрамына да оң баға берді. Оның айтуынша, топқа тәжірибелі, кәсіби тұрғыдан қалыптасқан көптеген сарапшы енген.

– Құрамы мықты. Оның ішінде тәжірибелі сарапшылар көп. Енді бұл жұмыстың қандай нәтижеге жеткізетінін көрейік, - деп түйіндеді саясаттанушы.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобын құрып, оның құрамын бекіткен еді.