Қазақстанның даму жоспарларында БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары қамтылған
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ресей Президентінің арнаулы өкілі Борис Титов БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру, екіжақты тәжірибе алмасу және 2030 жылдан кейінгі халықаралық күн тәртібін талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.
Кездесу барысында тараптар ОДМ-ға қол жеткізу мәселелері бойынша пікір алмасып, өзара тәжірибемен бөлісті. Сондай-ақ, кездесу барысында 2030 жылдан кейінгі кезеңге арналған халықаралық күн тәртібінің өзекті бағыттарын қарастырды.
Серік Жұманғарин Орнықты даму мақсаттары Қазақстанның мемлекеттік жоспарлау жүйесінде толықтай қамтылғанын атап өтті. Оның индикаторлары Ұлттық даму жоспарында, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің даму жоспарларында көрініс тапқан. Бұл жаһандық мақсаттарды елдің ұлттық басымдықтарымен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ОДМ-ны жүзеге асыру жөніндегі диалогты одан әрі жалғастыруға мүдделі екенін растады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген Салық Кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 30-шы отырысында Салық кодексіне енгізілетін екі түзету мақұлданғанын жаздық.