Қазақстанның дамуына үлес қосқан әйелдер рөлі кез келген салада байқалады – Қуаныш Сайлау

Қуаныш Сайлау
Фото: Қ. Сайлаудың жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде түрлі салада қызмет етіп жүрген танымал әйелдер жобаларды немесе бастамаларды жүзеге асыруға белсенді үлес қосып келеді. Бұл нәзік жандардың еліміздің дамуы жолындағы орны қандай? Осы орайда ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы Қуаныш Сайлау пікір білдірді.

«Әйелдердің еліміздегі рөлі көшпенді қоғамдардың эгалитарлық құрылысынан бастама алып, 20 ғ. гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз ету шараларымен жалғасып, бүгінгі күні де ерекше әрі маңызды орынға ие. Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан әйелдердің рөлін кез келген саладан байқауға болады және елдің өркендеуін тек әйелдердің зор еңбегін ескере отырып қана елестетуге болады. Бір мақаламен біз Қазақстанның дамуына және оның өркендеуіне атсалысқан әйелдердің бәрін қамтитындай мүмкіндігіміз жоқ, ол үшін тіпті бір кітаптың көлемі де жеткіліксіз болар. Осыған орай, төрт маңызды саладағы атақты әйелдердің қосқан үлестеріне шағын талдау жасауға тырысайық: ғылым, қоғам-саясат, спорт және өнер», - деді Қ. Сайлау.

Оның айтуынша, ғылымдағы әйелдердің үлесі жыл сайын артып келеді. Кейбірі, яғни медицина, әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылыстану бағыттарында ғылыми қызметкерлердің 50 пайыздан астамы – әйел. 2023 жылы ғылым докторы атағына ие болған әйелдер саны өткен жылдарға қарағанда өсіп, 714-ке жетті. Ғылыми дәрежелермен шектелмей, басқарушы рөлдерінде де әйел ғалымдардың саны артып жатыр. Сондықтан да (басқа салаларға қарағанда) ғылым саласында танымал әрі зор үлес қосқан жеке тұлғаларды таңдау әбден қиын.

Күнсұлу Закария
Фото: GOV.KZ

«Қазақстан ғалымының бастамасында тұрған тұлғалардың арасында Ұлттық ғылым академиясын басқарған тұңғыш әйел, молекулалық және медициналық генетика, этно және палеогеномика, ғарыштық биология және биотехнология салаларына зор үлес қосқан Нағима Айтхожинаны және монокристалдарды ядролық реакциялардағы көлеңкелі эффектіні ашып зерттеген физик ғалым Белла Ахметованы атауға болады. Қазіргі кезде атақты биолог, QazVac вакцинаның даму жобасына жетекші болған және Нағима Айтхожинаның ісін жалғастырып Ұлттық ғылым академиясына басшы болған Күнсұлу Закарияның орны ерекше.Жалпы, ғылыми жаңалық ашқан ханымдар аз емес. Мәселен, 30-дан астан патенті бар жаратылыстанушы Мариям Алимарданова, ядролық қаруларды сынау салдарын зерттейтін медициналық ғылымдар өкілі Мадина Мадиева, гастроэнтерология бағытында елеулі еңбек атқарып жатқан Алмагүл Күзгібекова, қазақ дәстүрлерін зерделеген мәдениеттанушы Зира Наурызбаева секілді ғалымдар ұлттық ғылымды ілгерілетумен қатар, болашақ ұрпаққа да үлгі болып жатыр», - деді сарапшы.

Атап айтқанда, Қазақстанның дамуына ат салысып, адал еңбек атқарып жүрген ханымдар аз болмаған. Мәселен, тәуелсіз Қазақстанның бастапқы кезеңінде еңбек сіңірген саясаткерлердің бірі – елші ханым, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі және көптеген наградалар иесі Ақмарал Арыстанбекованы атап өткен жөн. Сонымен қатар, БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі қызметін Бірғаным Әйтімова да атқарған болатын.

Наталья Годунова
Фото: Kazinform
Азимова Эльвира Абилхасимовна
Фото: ҚР Конституциялық соты

«Көшбасшы ханымдар арасында облыс деңгейінде әкім лауазымына алғаш ие болған Гүлшара Әбдіқалықованың орны ерекше. Жалпы, түрлі деңгейде әкім болып қызмет атқарып жүрген әйелдердің үлесі артып келеді және ауыл мен аудандық деңгейде сайлауда үміткер ретінде қатысу жағынан да әйелдер белсенділік танытып жатыр. Әр деңгейде әйел әкімдердің саны өскен сайын, жақсы үлгі ретінде әйел әкімдер орныққан сайын бұл лауазымға ұмтылатын басқа да үміткерлер саны өседі. Қазірдің өзінде мемлекетке адал қызмет етіп жүрген көптеген саясаткерлерді атауға болады. Олардың арасында сарапшылар жұмысын жоғары бағалайтын Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова, адам құқықтарын қорғауда еңбек атқарған және былтырдан бері Конституциялық сотқа басшы болған Эльвира Әзімова, сондай-ақ Мәжілісте жемісті жұмыс істеп отырған Айгүл Құспан, Дәния Еспаева, Жұлдыз Сүлейменова секілді әйел депутаттар, Үкімет құрамына енген Тамара Дүйсенова, Аида Балаева, Светлана Жақыпова мен Ақмарал Әлназарова секілді әйел министрлер бар. Осылайша, биліктің барлық тармақтарында (атқарушы, заң шығарушы мен сот) әйелдердің қатысуы қамтамасыз етіліп жатыр», - деді Қуаныш Сайлау.

Мұнымен қоса сарапшы әлемдік спорт алаңдарында жетістікке жетіп, мемлекеттің атын шығарып, Қазақстан рәміздерін дүниежүзіне танымал қылған нәзік жандар аз емес екенін айтты. Осы жолда әйелдер аса зор үлес қосып, спорттың дамуына себепші болды.

Ольга Рыпакова
Фото: akorda.kz

«Отандық спортта жетістіктер аз емес. Жеңіл атлетика жұлдызы, Сиднейдегі Жазғы Олимпиадада алтынға ие болған Ольга Шишигина туралы баршамыз білеміз. Әйелдер арасында Қысқы ойындардың жүлдегерін де атаған жөн, яғни Людмила Прокашева бұл салада елеулі жетістікке жетті. Бір емес, үш Олимпиададан медальмен қайтып келген Ольга Рыпакованың да қазақстандық жеңіл атлетикадағы рөлін атап өтуге болады. Олимпиадаға қатысқан барлық спортсмендер биік шыңдарды бағындырып, онымен шектелмей, спорт федерацияларын басқарып, спорт орталықтарын ашып, оның балалар мен жастардың қатысуына септігін тигізді.

Олимпиадамен қатар Қазақстан әйелдерінің соңғы жылдарда шахмат пен теннистегі жетістіктерін атап өтуіміз керек. Динара Садуақасова, Бибисара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік – ақ-қара тақталы ойынның мемлекеттік емес, әлемдік деңгейде аты шыққан шеберлері, халықаралық рейтингілердің көшбасшылары. Олар да өз спортының Қазақстанда танымал болуына ат салысып жатыр. Ал халықаралық сайыстар пен рейтингілерде Елена Рыбакинаның табыстарын көрген қазақстандықтар теннис спортына белсенді түрде көңіл аудара бастады», - деді ҚСЗИ маманы.

Бибігүл Төлегенова
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіі

Қазақ өнер сахнасын әлемдік деңгейде даңқы шыққан Бибігүл Төлегенова немесе Қазақстанның халық әртісі, есімі әр қазақстандыққа мәлім Роза Бағланова секілді тұлғаларсыз елестету мүмкін емес.

«Қазіргі кезде халықаралық сахналарда өнерін көрсеткен опера әншісі Зарина Алтынбаева мен Мария Мудряк және Астана Опера театрының балетмейстері Алтынай Асылмұратова секілді талантты нәзік жандардың арқасында опера мен балет өнері табысты жалғасын тауып жатыр. Кинематографта атақты режиссер Дариға Тінәлинаның ізбасарлары арасында Шарипа Оразбаева секілді тұлғалар халықаралық кинофестивальдарда Қазақстанның киносы көрерменнің ғана емес, критиктердің назарына түсіп жатқанын және маңызды мәселелерді көтере алатынын көрсетеді», - деді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар