Қазақстанның екі гимнасты әлем чемпионатының финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық екі гимнаст — Нариман Құрбанов пен Нуртан Идрисов Нидерландта өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Бұл туралы ҰОК мәлім етті.

Қазақстанның екі гимнасты әлем чемпионатының финалына шықты
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов ат снарядындағы жаттығуда іріктеу кезеңінен сәтті өтті.

Отандасымыз төрешілердің шешімімен 14,866 ұпай еншілеп, екінші орынға ие болды. Одан жоғары нәтиже көрсеткен Армения өкілі Гамлет Манукян 14,933 ұпаймен бірінші орын алды.

Ал Нұртан Ыдрысов жекелей көпсайыстың финалына шықты. Ол алты снарядтағы жаттығулардың қорытындысы бойынша 79,665 ұпай жинап, іріктеу кезеңін 17-орынмен аяқтады.

Дегенмен Қазақстан ерлер құрамасы командалық финалға өте алмады. Ұлттық құрама 237,594 ұпай жинап, іріктеу кезеңінде 12-орынға тұрақтады.

Ерлер арасындағы жекелей көпсайыстың финалы 22 қазанда өтеді. Ал ат снарядындағы жаттығулар бойынша жүлделер 24 қазанда сарапқа салынады.

Бұған дейін Нариман Құрбанов Словениядағы әлем кубогы кезеңінің финалына шыққан болатын.

Роттердамдағы әлем чемпионатында ел намысын алты гимнаст қорғайтынын жаздық.