Қазақстанның ең қарт тұрғыны 116 жасында дүниеден өтті
ҰЛЫТАУ. KAZINFORM — Қазақстандағы ең қарт тұрғын Түймегүл Темірбаева 116 жасында өмірден озды. Қаралы хабарды Ұлытау облысының әкімдігі жеткізді. Осыдан екі жыл бұрын Kazinform тілшісіне сұхбат берген ғасыр жасаған әже ұзақ ғұмыр кешуінің сырын айтып, бойындағы сергектік пен өмірге деген құштарлығын сақтауға не көмектескенін бөліскен еді.
Түймегүл Темірбаева 1910 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысының Байқадам ауданында дүниеге келген. 22 жасында Аязбай Темірбаевпен шаңырақ көтеріп, көп ұзамай жұбайымен бірге Жаңаарқа ауданына қоныс аударған. Содан бері осы өңірде 90 жылдан астам уақыт ғұмыр кешті.
Ерлі-зайыпты төрт бала тәрбиелеп өсірді. Түймегүл апа 15 немере, 25 шөбере сүйіп, үлкен әулеттің ардақты анасына айналды. Жұбайы да ұзақ ғұмыр кешіп, 96 жасында өмірден өткен.
Осыдан екі жыл бұрын берген сұқбатында кейуана басынан өткен кезеңдерді еске алып, ұзақ жасауының өзіндік сырын әңгімелеген еді.
Ғасырдан асқан ғұмыр иесінің айтуынша, ұзақ жасауының басты себептерінің бірі — отбасының аялы алақаны, көңіл тыныштығы және өмір бойы еңбектен қол үзбеуі.
— Жолдасым екеуміз ұзақ та бақытты ғұмыр кештік. Төрт бала тәрбиелеп өсірдік. Қазір балаларымның, немерелерім мен шөберелерімнің ортасында, солардың қамқорлығындамын. Балаларым үнемі қуанышымды еселеп, маған қамқорлық көрсетіп келеді. Ұзақ жасауыма осының да септігі тиген шығар, — деген еді Түймегүл апа.
Ол бала күнінен еңбекке етене араласып өскен. Ата-анасы жылқы өсіргендіктен, кішкентайынан үй шаруасына көмектесіп, бие сауып, қымыз ашытқан, жылқы күтіміне араласқан. Есейген шағында да жұбайымен бірге шаруашылықтың бар ауыртпалығын бөлісіп, құдықтан суды өзі тасып, қара жұмыстан қашпаған.
Кейуананың жүрегіне жылқыға деген ықыласы да ерекше жақын болған. Ол жастайынан атқа мінгенді ұнатқанын, жасы ұлғайған шақта да мүмкіндігінше қимыл-қозғалысын шектемеуге тырысқанын айтқан еді. Түймегүл апаның пайымынша, үнемі қозғалыста болып, еңбектен қол үзбеу оның бойындағы сергектікті сақтауға сеп болған.
Ұлытау облысының әкімдігі Түймегүл Темірбаеваның дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
— Ғасырдан астам ғұмыр кешіп, тұтас бір дәуірдің куәсі болған Қазақстанның ең қарт тұрғыны Түймегүл Темірбаеваның дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстарына, жақындары мен барша отбасы мүшелеріне қайғыра көңіл айтамыз. Ұзақ әрі өнегелі ғұмырында Түймегүл апа 15 немере мен 25 шөбере сүйіп, бірнеше ұрпақтың өсіп-жетілуіне куә болды. Ол өз әулетінің ақылшысы, тірегі әрі берекесі еді. Түймегүл апа тек отбасының амандығын ойлап қана қоймай, ел өміріне де бейжай қарамаған жан болатын. Мемлекет үшін маңызды оқиғалардан тыс қалмай, қоғамдағы өзгерістерді жіті қадағалап, ел болашағына әрдайым алаңдап отырды. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен ананың өнегелі өмір жолы мен жарқын бейнесі ұрпақтарының жадында ғана емес, еліміздің тарихында да сақталатынына сенімдіміз, — делінген көңіл айтуда.
Еске сала кетейік, биыл 15 наурызда Түймегүл апа референдумға қатысып, дауыс берген болатын.