Қазақстанның ең қарт тұрғыны референдумда өз таңдауын жасады
АСТАНА. KAZINFORM – 114 жастағы Түймегүл Темірбаева АЭС салу мәселесі бойынша референдумда дауыс берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Кейуана таңдауын үйінде жасады. Ол үшін референдум учаскесінің өкілдері кейуананың үйіне арнайы келді.
Айта кетейік, дауыс беру күні тізімге енгізілген референдум учаскесіне келуге мүмкіндігі жоқ Қазақстан азаматтары учаскеден тыс дауыс бере алады. Бұған денсаулық жағдайы, отбасында науқас адамға күтім жасау, референдум учаскелері шалғай және жетуі қиын жерлерде болуы негіз бола алады. Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді ұйымдастыру кезінде тасымалданатын урнаны комиссияның екі мүшесі алып жүреді. Бұл ретте азаматтың дауыс беру құпиясы міндетті түрде сақталады.
114 жастағы Түймегүл Темірбаеваүа комиссия мүшелері сағат 11:00-де келді.
– Қазақстанның әрбір тұрғыны өзінің азаматтық борышын орындауы тиіс. Жасына қарамастан. Сондықтан мен де дауыс бердім. Еліміз жарқын болсын! Аспанымыз ашық болсын!, - деп батасын берді Түймегүл Темірбаева.
Естеріңізге сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі жүзден асқан қариялар тізімін жариялады. Ең қарт Қазақстан тұрғыны — 114 жаста. Ол Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында тұрады.