Қазақстанның Франциядағы Елшілігі аумағында олимпиадашылардың фотокөрмесі ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің аумағында 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасына арналған фотокөрме ашылды.
ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан Ұлттық комитетінің қолдауымен ұйымдастырылған көрмеде бокс, дзюдо, теннис, таэквондо, семсерлесу, күрес, көркем гимнастика және велоспорт сияқты еліміздің бірқатар спорт түрлері шеберлерінің сүреттері бейнеленген.

«Отандастарымызды спорттың 25 түрінен 81 медаль жиынтығына таласатын спортшыларымызға қолдау көрсетуге, ал Франция астанасының тұрғындары мен қонақтарын көрмені тамашалауға шақырамыз», - деп жазылған Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің ресми сайтында.
Айта кетейік, осыған дейін атап өткеніміздей, кеше Парижге спортшыларымыздың алғашқы легі жетті. Сондай-ақ, бүгін боксшыларымыз Парижге аттанғанын жазған болатынбыз.

Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
