Қазақстанның қатысуымен Ханчжоуда Дүниежүзілік цифрлық сауда көрмесі өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Чжэцзян провинциясындағы Ханчжоу қаласында қазақстандық компаниялардың қатысуымен V Дүниежүзілік цифрлық сауда көрмесі басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.
23-27 қыркүйек аралығында «Цифрлық сауда көрмесінде ІІ болашағын бірге қарсы алайық» ұранымен өтіп жатқан бес күндік шараға 2 мыңнан астам кәсіпорын қатысып отыр. Көрмеге 163 ел мен өңірден 50 мыңнан астам қатысушы тіркелген. Олардың 12 мыңнан астамы — шетелдік қонақтар.
Көрме экспозициясы тақырыптық павильонды және жасанды интеллект, «Жібек жолы» аясындағы электронды сауда, интеллектуалды көлік, цифрлық ойын-сауық, медицина және «ақылды» кеңістіктерге арналған алты арнайы аймақты қамтиды. Сонымен қатар инновацияларды интеграциялауға арналған арнайы алаң қарастырылған.
Қазақстан көрмеге ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade» ұлттық компаниясы ұйымдастырған ұлттық павильонмен қатысып жатыр. Қазақстан экспозициясына жасанды интеллект, бұлтты технологиялар, деректерді өңдеу орталықтары және медициналық технологиялар саласында әзірлемелер жасап жатқан 28 компания кірді.
— Ханчжоуда V Дүниежүзілік цифрлық сауда көрмесінде Қазақстанның ұлттық павильонының ашылуы отандық IT-компаниялардың сыртқы нарықтардағы қатысуын кеңейтудегі маңызды қадам. Бұл қазақстандық технологиялық әзірлемелерді халықаралық аудиторияға таныстырып, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді, — деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілі.
Оның айтуынша, Ханчжоудағы көрме қазақстандық компаниялардың халықаралық іскерлік байланыстарын нығайтып, әлеуетті тапсырыс берушілермен тікелей өзара іс-қимылды дамытуға кең мүмкіндік береді.
— Бұл жұмыс Мемлекет басшысының IT-қызметтер экспортын ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында жүргізіліп жатыр. Министрлік отандық компаниялардың шетелдік нарықтарға шығуына жағдай жасауды жүйелі түрде жалғастыруда. Ханчжоудағы ұлттық павильон — осы жұмыстың нақты бір бөлігі. Көрмеде басталған келіссөздер бірлескен жобалар мен экспорттық келісімшарттарға ұласады деп үміттенеміз, — деді ол.
Көрменің алғашқы күнінде B2B-сессиясы ұйымдастырылып, онда Қазақстан компаниялары өз әзірлемелерін таныстырып, әлеуетті серіктестермен келіссөздер жүргізді.
— Мұндай кездесулер қазақстандық шешімдерді нақты бағыттарда қолдану мүмкіндіктерін талқылап, одан әрі ынтымақтастықтың негізін қалауға мүмкіндік береді. Біз үшін Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі — Қытаймен диалогты дамыту ерекше маңызға ие, — деді Сауда және интеграция министрлігінің өкілі.
Айта кетейік, Ханчжоу — Қытайдағы электронды коммерцияның ірі орталығы. Мұнда Alibaba Group, DeepSeek, Unitree Robotics, Hikvision, Dahua Technology сияқты ірі қытайлық технологиялық компаниялар және басқа да кәсіпорындар орналасқан.
Бұған дейін электронды сауда операторлары Қазақстанда 2027 жылдан ерте жұмыс істей бастамайтыны хабарланған болатын.