Қазақстанның қай әуежайларында ұшақтар құстармен жиі соқтығысады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ұшақтардың құспен соқтығысу жағдайлары көбіне Астана, Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтау әуежайларында тіркеледі. Бұл туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтты.
Ведомство мәліметінше, бұл қалалардың әуежайларында ұшақтар жиі ұшып-қонады. Сонымен қатар құстармен соқтығысу жағдайларына олардың маусымдық белсенділігі мен әуежайлардың орналасу ерекшеліктері де әсер етеді.
– 2025 жылы әуе кемелерінің құстармен соқтығысуының 280 жағдайы тіркелген. Оның 228-і Қазақстан аумағында болғаны белгілі болды. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында 33 жағдай тіркеліп, соның 27-сі ел аумағында болғаны анықталды, - делінген жауапта.
Авиациялық әкімшілік мұндай оқиға санының көп болуы әуежайдағы қауіп деңгейінің жоғары екенін білдірмейтінін атап өтті. Қауіп-қатерді бағалау кезінде ұшу-қону операцияларының саны, жыл мезгілі, құстардың түрлері және соқтығысудың салдары ескеріледі.
Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының мәліметінше, 2025 жылы әуежайда әуе кемелерінің құстармен және өзге де жануарлармен соқтығысуына қатысты 11 жағдай тіркелді. 2026 жылдың басынан қыркүйек айына дейін осындай 3 жағдай тіркелген.
Ресми мәліметке сәйкес, ұшақтар құстармен көбіне төмен биіктікте ұшқан кезде соқтығысады. Әсіресе ұшақ әуеге көтерілгенде, биіктікке көтеріле бастағанда және қонуға жақындағанда мұндай қауіп жоғары болады.
Айта кетейік, былтыр Air Astana ұшағы құспен соқтығысқан болатын.