Қазақстанның қай облысына туристер көп бармайды
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда орналастыру орындарының жалпы саны 4 167 жетті, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 253-ке артық.
Аталған демалыс орындары 3,9 млн келушіні қабылдады, оның 14,2% — шетелдіктер.
Рейтингте қабылданған қонақтар саны бойынша Алматы көш бастап тұр.
Жергілікті қонақүйлер 1 млн туристі қабылдады.
Екінші орында — 667,2 мың мейман келген Астана.
252,9 мың қонақты қарсы алған Шымкент үшінші орында.
Туристер ең аз баратын облыс — Ұлытау, онда барлығы 13,6 мың келуші тіркелген.
Жарты жыл ішінде көрсетілген қызметтер көлемі 121,3 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,9% артық.
Өңірлер бөлінісінде қонақтарды қабылдаушы орын саны бойынша Алматы қаласы алғашқы орында — 385 орын, одан кейін Жетісу облысы — 361 орын және Ақмола облысы — 354 орын.
Орналастыру орындары — қонақ үйлер, мотельдер, кемпингтер, туристік базалар, демалыс үйлері, пансионаттар және келушілерді орналастыру мен оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын басқа ғимараттар мен құрылыс нысандары.