Су тасқыны: Қазақстанның қай автожолдарында қозғалыс шектелді
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің 4 облысында республикалық маңызы бар 7 жол бөлігін су басты. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ ресми өкілі Сәкен Ділдахмет мәлімдеді.
«2024 жылғы 9 сәуірдегі сағат 17:00-дегі жағдай бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан 4 облыста (Ақмола, Атырау, Қостанай, СҚО) 7 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 3420 метр болатын су тасқыны орын алды», - деді С. Ділдахмет Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 6 облыста (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, СҚО) республикалық маңызы бар 13 автомобиль жолдарында (650 км) көліктің барлық түріне шектеу қойылды.
Атап өтсек:
1. Ақмола облысы:
- «Жезқазған - Петропавл» тас жолының 537-553 және 553-595 шақырымы, Сұрған және Бұзылық ауылдарының және СҚО шекарасы учаскесі.
- «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» тас жолының 232-260 шақырымы, Қостанай облысының шекарасы мен Сұрған ауылының учаскесі.
2. Ақтөбе облысы:
- «Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз» тас жолының 3-92 шақырымы, Қандыағаш қ. - Ембі қ. учаскесі.
3. Атырау облысы:
- «Доссор - Құлсары - Бейнеу - Сайөтес - Шетпе - Жетібай - Ақтау» тас жолының 4-119 шақырымы, Доссор а. - Құлсары қ. учаскесі.
- «Мұқыр - Құлсары» тас жолының 0-136 шақырымы, Доссор а. - Құлсары қ. учаскесі. Бұл учаскеде көлік кептелісі жоқ.
4. Қостанай облысы:
- «Мариновка ауылына кіреберіс» тас жолының 0-9 шақырымы.
- «Денисовка Тавриченка - Аршалы - Комаровка» тас жолының 42-96 шақырымы, Приреченка - Комаровка ауылдарының учаскесі.
- «Қостанай - Жақсы - Қарабұтақ - Қостанай» тас жолының 4-5 шақырымы, Гашека көшесі - «Көктем» бақша бірлестігі учаскесі.
- «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» тас жолының 218-232 шақырымы, Октябрьское ауылы мен Ақмола облысының шекарасы учаскесі.
5. Маңғыстау облысы:
- «Доссор - Құлсары - Бейнеу - Сайөтес - Шетпе - Жетібай - Ақтау» тас жолының 210-220 шақырымы, Атырау облысының шекарасы - Боранқұл а. учаскесі.
6. Солтүстік Қазақстан облысы:
- «Рощинское - Корнеевка - Волошинка» тас жолының 0-47 шақырымы, Рощинское - Корнеевка ауылдарының учаскесі.
- «Булаево - Возвышенка - Мологвардейское - Кирово-Қиялы - Рощинское» тас жолының 201-228 шақырымы, Шағалы - Рощинское ауылдарының учаскесі.
- «Волошинка - Сергеевка - Тимирязево» тас жолының 0-32 шақырымы, Волошинка - Кривощеково ауылдарының учаскесі.
Қазіргі таңда республикалық жолдарда 706 техника мен 1680 адам су тасқынын алдын алу бойынша жұмыс атқаруда.