Қазақстанның май өңдеу саласы 4 жылда 2,3 есе өсім көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі төрт жылда күнбағыс майының өндірісі 2,3 есеге өсіп, 752 мың тоннадан асты. Бүгінде май өңдеу саласы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының 27%-ын қамтамасыз етеді. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов хабарлады.
– 2025 жылдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі алғаш рет 1,57 миллион тоннадан асып, экспорттық табыс 963 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда төрт есеге көп, - деді ол «FOC:2026 Fats and Oils Conference» форумында.
Отандық май өңдеу саласы 2025 жылы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, экспорттан түскен табыс көлемі шамамен 1 млрд долларға жетті.
Әсет Нүсіповтің айтуынша, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені бүгінде терең трансформация кезеңінен өтіп жатыр. Ел шикізат экспортынан біртіндеп жоғары өнімнің өзін өндіруге көшкен.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемдік күнбағыс майы экспортының шамамен 3,6%-ын қамтамасыз етіп, жетекші экспорттаушы елдердің қатарына кірді. Майлы дақылдар мен оларды өңдеу өнімдерінің экспорты 70%-ға өсті, - деді вице-министр.
Оның сөзінше, мемлекет өңдеуші кәсіпорындарды қолдау, жаңа нарықтарға шығу және экспорттық әлеуетті арттыру бойынша бірқатар шара іске асырып келеді.
Айта кетейік, бұған дейін, Май өңдеу саласы Қазақстан экономикасына 1 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс әкелген болатын.
Дария Ғұмар