Қазақстанның мемлекеттік қарызы қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Қазақстанның мемлекеттік борышы 40 млрд теңгеге ұлғайып, 31,9 трлн теңге болды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет отырысында айтып берді.

Үкімет отырысы
Фото: Үкімет

− 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік борыш жыл басынан бері 40 млрд теңгеге ұлғайып, 31,9 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 21,1 % құрады. Негізгі өсу факторы – республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру және бұдан бұрын тартылған қарыздарды игеру болды, − дейді Қаржы министрі.

Бұдан басқа, министрдің айтуынша, биылғы 24 маусымда Қаржы министрлігі 2,5 млрд доллар сомасына евробондтар (облигациялар) орналастырды. Бұл жиынтық борышты ұлғайтпай, сыртқы міндеттемелер бойынша алдағы төлемдерді толығымен қайта қаржыландыруға мүмкіндік бермек.

− Осылайша, сыртқы нарықта квазимемлекеттік сектор субъектілерінің болашақта қарыз алуы үшін кірістілік бағдары айқындалды, − деді Мәди Тәкиев.

Айта кетсек, бүгін Үкіметте биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралып жатыр.

Бұған дейін Мәди Тәкиев биылғы жартыжылдықта мемлекеттік бюджеттің кірістері шамамен 11 трлн теңге немесе жоспардың 106,4% құрағанын айтқан еді.

Сондай-ақ, қайтарылған активтердің 318,1 млрд теңгесі әлеуметтік жобаларға бөлінді.

Соңғы жаңалықтар