Қазақстанның мемлекеттік борышты басқару кеңесін құруына не түрткі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы министрі Мәди Такиевке Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның мемлекеттік борышты басқару кеңесін құруына не түрткі болғаны туралы сауал қойылды.

Экономика, финансы, бюджет, бизнес
Фото: freepik.com

— Жалпы бұл кеңесті Ұлттық банкпен бірлесіп құрдық. Жұмыс Үкімет пен Ұлттық банктің өзара іс-қимылына бағытталған. Қазір біздің мемлекеттік қарыз 35 трлн теңгеге жеткенін білесіздер. Жалпы бұл шекті көлемнің аясында, ішкі жалпы өнімнің 23,5 пайызындай. Мемлекеттік борыштың құрылымында Үкімет пен жергілікті әкімдіктердің борышы бар. Мемлекет борышының өзі халықаралық (сыртқы — ред.) және ішкі қарыз деп бөлінеді, — деді ол.

Министрдің айтуынша, бұл кеңес - уақытша құрылым емес.

— Бұл кеңес неге керек? Біз сыртқы нарықта да, ішкі нарықта да қор биржасына қатысамыз. Сол арқылы бюджет тапшылығын жабамыз. Осылайша Ұлттық банкпен бірге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару стратегиясын әзірлеуіміз керек. Осы арқылы мемлекеттік борышты басқарып, жағымды және жағымсыз қозғалыстарды көріп отырамыз. Бүгін осы кеңестің алғашқы отырысы өтеді. Ал мемлекеттік борышты басқару ісінде ешбір проблема жоқ. Бұл — Ұлттық банкпен бірлесіп қабылданған шешім. Кеңес нақты бір кезеңге құрылған жоқ. Үнемі жұмыс істейді, — деді министр.

Бұған дейін Қазақстанның сыртқы мемлекеттік борышы 15,9 млрд долларға жеткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар