Қазақстанның мұнай сервисі саласы халықаралық нарыққа шығуда

АСТАНА. KAZINFORM –   Қазақстанда жасалған «Satti» өзі көтерілетін қалқымалы алғашқы теңіз бұрғылау қондырғысы Каспий теңізінің Түрікменстан секторындағы Шелекен кен орнында бұрғылау жұмыстарын бастайды. «Satti» — бұл күрделі теңіз жағдайларында бұрғылау жұмыстарын жүргізуге арналған, озық технологиялармен толық жабдықталған бірегей қондырғы.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы
Фото: «ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметі

2021 жылы модификациядан өткеннен кейін оның жүк көтеру қуаты 453 тоннадан 680 тоннаға дейін артты. Нәтижесінде ауқымды жобалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Қондырғы 6 мың метрге дейінгі тереңдіктегі ұңғымаларды бұрғылай алады.

Шетелдегі жобаларда «Satti» платформасының табысты пайдалануы Қазақстанның жоғары сапалы қызмет көрсетіп, әлемдік деңгейде күрделі мұнай-газ жұмыстарын орындау қабілетін растап отыр.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы
Фото: «ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметі

Алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарға байланысты Ашхабад қаласында «KMG Drilling and Services» компаниясының («Satti» қондырғысын иелік ететін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның еншілес кәсіпорны) филиалы ашылды, бұл Түрікменстандағы қызметтерді жедел әрі тиімді атқаруға мүмкіндік береді. KMG DS филиалының ашылу салтанатына ҚМГ басшысы Асхат Хасенов қатысты.

Бұл іс-шара еліміздің халықаралық мұнай сервисі қызметі нарығына қатысуын кеңейте отырып, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайта түсуде.

Биыл тамыз айында KMG DS және Dragon Oil Turkmenistan Limited Каспий теңізінің түрікмен секторында бұрғылау жұмыстарын жүргізуге келісімшарт қабылдаған болатын.

Анықтама:

«KMG Drilling & Services» ЖШС — 2008 жылы ашылған ҚазМұнайГаздың еншілес компаниясы. Каспий теңізінің қазақстандық секторында бұрғылау қызметтерін көрсететін жетекші кәсіпорын. Satti алғашқы теңіз бұрғылау қондырғысына иелік етеді.

Dragon Oil Turkmenistan Ltd — DragonOil компаниясының еншілес ұйымы (БАӘ). Каспий теңізіндегі Шелекен аумағында көмірсутектерді барлау және өндірумен айналысады. Кәсіпорын EmiratesNational Oil Company (ENOC) меншігінде.

Соңғы жаңалықтар