Қазақстанның өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты 3 млрд доллардан асты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы сегіз айында өңделген агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 3,04 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,1%-ға жоғары, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.

в
Фото: АШМ

Ведомство мәліметінше, еліміздің жалпы аграрлық экспортындағы өңделген өнімдердің үлесі 54,1%-ды құрады. Осылайша ауыл шаруашылығы саласынан түсетін экспорттық табыстың жартысынан астамы өңделген өнімдер есебінен қалыптасып отыр.

Экспорт өсіміне астық өңдеу саласы айтарлықтай үлес қосқан. 2025/2026 маркетингтік жылында астық пен ұн экспорты астық баламасында рекордтық 16 млн тоннаға жетті.

Биыл қаңтар-тамыз айларында шетелге шамамен 400 млн доллардың 1,38 млн тонна бидай және бидай-қара бидай ұны экспортталды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жеткізілім көлемі 23%-ға, ал экспорттық түсім 36%-ға өсті.

– Нәтижесінде аграрлық экспорттың жалпы құнындағы өңделген өнімнің үлесі 54,1%-ға жетті. Осылайша, аграрлық сектордың экспорттық түсімінің жартысынан астамы өңделген өнімдер есебінен қалыптасып отыр, – деп хабарлады министрлік.

Май және тоңмай өнеркәсібінде де өсім тіркелді. Күнбағыс, мақсары және мақта майларының экспорты 49%-ға ұлғайып, 673 млн долларға жеткен. Рапс пен қыша майларының экспорты 2,3 есе артып, 90 млн долларды құрады.

Мал азығына арналған ұн экспорты 61%-ға өсіп, 578 млн долларға жетті. Шетелге жеткізілген өнім көлемі 2,5 млн тоннаны құрады.

Сиыр етінің экспорты да айтарлықтай ұлғайған. Оның құны 78%-ға өсіп, 164 млн долларға жетсе, заттай көлемі 26 мың тоннадан 29 мың тоннаға дейін артты.

Ал күнжара мен шрот экспорты 42%-ға ұлғайып, 113 млн долларды құрады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңдеуші кәсіпорындарды қолдау үшін жеңілдетілген кредит беру, инвестициялық субсидиялау және салықтық жеңілдіктер қарастырылғанын мәлімдеді. 2024-2026 жылдары кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға шамамен 230 млрд теңге бағытталған.

Қазір Қазақстанда жылына 510 мың тонна шикізат өңдеуге қауқарлы үш мамандандырылған кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы бес жылда крахмал өнімдерінің өндірісі 2,1 есе артқан.

Бұдан бөлек, жалпы құны 4 млрд долларға жуық алты ірі инвестициялық жоба әзірленді. Олар іске асса, жыл сайын қосымша 5,8 млн тонна шикізатты терең өңдеуге мүмкіндік туады.

Биыл Түркістан облысында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін «Қазкрахмал» зауыты пайдалануға берілді. Жамбыл облысында Fufeng Group өндірістік кешені құрылысының бірінші кезеңі аяқталды.

Сондай-ақ Qostanai Grain Industry және Tiryaki Agro жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ақмола облысында тағы екі өндіріс орнын ашу жоспарланған.

Жаңа кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету үшін елімізде жүгері егістігінің көлемі 60%-ға ұлғайып, 106 мың гектарға жетті.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетіп, бір жылда 35,3%-ға өскені хабарланған еді. Ал 2030 жылға қарай аграрлық экспорттағы өңделген өнімнің үлесін 70%-ға жеткізу жоспарланып отыр.