Қазақстанның өңірлік өнеркәсібін бағалау жөніндегі зерттеу жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының зерттеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымының (ЮНИДО) статистикалық бөлімшесінің платформасында жарияланды.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының талдамалық еңбегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымының (ЮНИДО) ресми статистикалық платформасында жарық көрді [stat.unido.org]. «Experimental Calculation of the Competitive Industrial Performance (CIP) Index for Kazakhstan’s Regions: Methodology and Comparative Insights» деп аталатын жұмыс құжаты халықаралық ұйыммен бірлескен ынтымақтастық шеңберінде әзірленген.
Аталған жоба аясында алғаш рет ЮНИДО-ның халықаралық әдіснамасы өңірлік деңгейге бейімделіп, еліміздің 20 аймағы бойынша 2020–2023 жылдарға арналған өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілік индексінің (CIP) эксперименттік есептеулері жасалды. Бұл зерттеу өңірлердегі өнеркәсіптік белсенділікті бағалау тәсілдерін терең салыстыруға және өндірістің нақты географиялық орналасуын анықтауға жол ашты.
Талдау қорытындысы көрсеткендей, дәстүрлі экспорт статистикасы аймақтардағы нақты өнеркәсіптік әлеуетті толық сипаттай алмайды. Себебі бұл деректер өндіріс орны бойынша емес, экспорттаушы кәсіпорынның заңды тіркелген мекенжайы бойынша есепке алынады. Ал өндірістік алаңдардан тікелей жөнелтілген дайын өнім көлемін негізге алу әр облыстың ел экономикасына қосқан нақты үлесін объективті бағалауға мүмкіндік берген.
Сонымен қатар жарияланған құжатта өңірлік өнеркәсіп құрылымы, өндірістің технологиялық деңгейі, соңғы жылдардағы бәсекеге қабілеттілік динамикасы және алынған нәтижелердің көрнекі визуализациясы толық қамтылған.
Зерттеудің мұндай беделді жаһандық платформада жариялануы отандық статистикалық талдаудың халықаралық стандарттарға сай екенін және қазақстандық зерттеулердің өнеркәсіптік статистика саласындағы жоғары маңыздылығын дәлелдейді. Құжаттың толық электронды нұсқасы ЮНИДО ресми сайтының жарияланымдар бөлімінде орналасқан [stat.unido.org].
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттық компанияларда өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыратын ЖИ элемнеттері енгізілетінін жазған едік.