Қазақстанның рекордшы әжелері Гиннесс кітабына енуді көздеп отыр
«Аламан құрақ» республикалық байқауына қатысқан Петропавлдың үш тұрғыны Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Әжелер еліміздің басқа қолөнершілерімен бірге ұзындығы 500 метр құрақ көрпе тігіп шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Қазақстанның рекордтар кітабына енгендердің бірі – Бақыт Мұстафина. Оның қолөнерді жанына серік еткеніне 50 жылға жуықтады Ине-жіп ұстауды жастайынан анасынан үйренген Бақыт апа содан бері құрақ көрпенің түр-түрін тіккен. Сондықтан байқауға қатысуға ұсыныс түскенде бірден құп алған.
«Бұған дейін «Тақия-фестке» қатыстым. Сондықтан бұл жолы да қуана іске кірістім. 500 метрлік көрпе тігу оңай емес. Әрі өз қаражатымызға жүріп-тұрдық. Бірақ қаншама жаңа адаммен таныстым, тәжірибе жинадым. Ақтық сайысқа 200 қолөнерші ғана жетті», – дейді Бақыт Мұстафина.

200 қолөнершінің арасында Ғалия Жақина және Райхан Сұрағанова да болды. Мәселен Райхан апайдың негізгі мамандығы – мұғалім. 26 жыл мектепте еңбек етіп, балаларды қолөнерге баулыды. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де сүйікті ісінен қол үзбей, бүгінде Петропавлдағы ательелердің бірінде еңбек етеді.
«Бала кезімнен іс тігуге жақын болдым. Әке-шешем де өнерлі адамдар еді. Бос отырғанды ұнатпаймын, осындай байқауларға қатысып, үнемі ізденісте жүрген ұнайды. Бұл біздің ұлттық қолөнеріміз, оны жастар арасында насихаттауымыз керек, білгенімізді үйретуіміз қажет», – дейді Райхан Сұрағанова.
Петропавлдық қолөнершілер бұл жетістікпен тоқтап қалмақ емес. Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін қазір әлеуметтік желі арқылы команда жинап жатыр. Қаңтар айында ұйымдастырушылардан тапсырма алып, іске кіріспек. Қазірдің өзінде 17 адам байқауға қатысуға тілек білдірген.
