Қазақстанның саяси реформалары Орталық Азия елдеріне үлгі бола алады — сарапшы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Бүгіннен бастап Қазақстанның саяси өмірі жаңа кезеңге қадам басады. Жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай пікір білдірген белгілі өзбекстандық саясаттанушы, «Білім керуені» ғылыми білім беру мекемесінің директоры Фарход Толипов осылай мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Қазақстанның саяси реформалары Орталық Азия елдеріне үлгі бола алады — сарапшы
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Бүгін Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді. Осы кезеңнен елдің саяси өмірі жаңа кезеңге қадам басады. Соңғы жылдары Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси өзгерістер, әсіресе, жаңа Конституцияның қабылдануы елдің жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді. Әрине, құжатқа қатысты сарапшылар мен қарапайым азаматтардың пікірі әртүрлі. Конституцияның кейбір нормалары мен ережелері сынға ұшырауы мүмкін, бұл — табиғи құбылыс. Ал енді біреулер, керісінше, жаңа Конституцияны жоғары бағалап, оң пікір айтуда. Мұның бәрі — қалыпты әрі табиғи қоғамдық үдеріс. Тіпті Қазақстан бұл тұрғыда Орталық Азиядағы көрші елдерге үлгі бола алады деп ойлаймын. Себебі елдің саяси өмірі тоқырап тұрған жоқ. Жүргізіліп жатқан саяси реформалар, оның ішінде түрлі тәжірибе мен сынақтан өтіп жатқан өзгерістер Қазақстанның дамуына ерекше серпін беріп отыр, — деді Фарход Толипов.

Сонымен қатар саясаттанушы жаңа Конституцияда қамтылған бірнеше жаңашылдыққа тоқталды.

— Соның бірі — Вице-президент лауазымының енгізілуі. Бұл — назар аударуға тұрарлық бастама. Ол саяси сабақтастық институтын нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ, ерекше тоқталатын өзгерістердің бірі — әкімдерді тікелей сайлау жүйесіне кезең-кезеңімен көшу. Яғни, қала, аудан және облыс әкімдерін халықтың өзі сайлай бастады. Мен Өзбекстанда да осы бастаманы енгізу қажет деген ойды көптен бері қолдап келемін. Біздің елде де түрлі деңгейдегі хокимдер халық тарапынан сайлануы керек деп есептеймін. Қазақстан бұл бағытта біртіндеп алға жылжып келеді, — деп пікір білдірді сарапшы.

Мұнымен бірге Фарход Толипов бір палаталы Парламент жүйесіне көшу шешімінің дер кезінде қабылданғанын атап өтті.

— Өз басым Өзбекстанға да енді Сенаттың қажеті жоқ деп санаймын. Уақыт пен тәжірибе көрсеткендей, бір палаталы Парламентке көшу немесе осы жүйеге қайта оралу — бүгінде өзекті әрі дер кезінде қабылданған шешім. Қазақстанның тағы бір назар аударарлық тәжірибесі — Конституцияға сәйкес Президенттің жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайлануы. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның бұл бастамасын демократиялық қадам деп бағалауға болады. Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы — елдегі саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған маңызды әрі тағылымды тәжірибе, — деген пікірде саясаттанушы.

Сарапшының пайымынша, Қазақстандағы және жалпы Орталық Азиядағы саяси өзгерістер кездейсоқ емес. Қазір әлем күрделі геосаяси үдерістер кезеңінде өмір сүріп жатыр. Сондықтан кез келген аймақ мемлекеті үшін саяси тұрақтылықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және елдің орнықты дамуына жағдай жасау әрдайым өзекті міндет болып қала бермек.

— Менің ойымша, қазіргі таңда Қазақстан басшылығы елдеріміздің өте күрделі жағдайда дамып жатқанын жақсы түсінеді және бұл факторды міндетті түрде ескереді. Сонымен қатар қазір бүкіл әлем белгілі америкалық саясаткер Збигнев Бжезинский айтқан «жаһандық саяси ояну» үдерісінің куәсі болып отыр. Қазақстан да, Орталық Азияның басқа мемлекеттері де бұл құбылыстан тыс қалған жоқ. Біздің елдерде кеңестік кезеңмен тікелей байланысы жоқ кемінде екі буын өсіп шықты. Сондықтан бұл жаңа ұрпақ мемлекеттік билікке, әсіресе, реформалар мен елдегі өзгерістерге қатысты әлдеқайда жоғары талап қоятын болады. Сондықтан жаңа Конституция жаңа буынның осы үміті мен сұранысына сай болады деп ойлаймын, — деп түйіндеді Фарход Толипов.

Еске салайық, бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек.