Шекарадан заңсыз есірткі өткізбек болған азамат 7 жылға бас бостандығынан айырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Психотроптық затты контрабандаға, яғни оны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз өткізгені үшін кінәлі деп танылған азаматтың ісін Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарады.
Сот алқасы Х. психотроптық затты контрабандаға, яғни оны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз өткізгені үшін кінәлі деп таныды (ҚК 286-бабы 5-тармағының 2-бөлігі). Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Тағылған айыпқа сәйкес, Х. өзімен бірге психотроптық затты алып, 2023 жылғы 11 ақпанда сағат 18.20 шамасында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы шекара бекеті арқылы өткен. Сағат 18.40-та Бақылау-өткізу пунктінде шекаралық бақылаудан өту кезінде Х.-ның бас киімінде тінту барысында психотроптық зат табылған және тәркіленген», — делінген хабарламада.
Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қылмыстық іс материалдарын зерттей келе, Х. паспорттық бақылаудан сағат 18.20-да емес, сағат 18.03-те өткенін атап өтті, бұл бейнежазбамен расталады.
Ол сондай-ақ Х.-ға жақын жерде қызметтік ит өткенін көрсетеді.
«Күдікті Х. сағат 18.34-те шекаралық бақылау қызметкерлерінің сүйемелдеуімен Кедендік бақылау аймағынан қайта оралып, сағат 18.39-да паспорттық бақылаудан қайта өткені бейнежазбаға түсіп қалған», — деп хабарлады Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі.
Осыдан кейін 21.57 сағаттан 21.09 сағатқа дейін жүргізілген тінту барысында Х.-ның бас киімінен 6 таблетка табылған. Мұндай жағдайларда Х.-ның паспорттық бақылаудан екі рет өткені және Қазақстан Республикасының аумағында «психотроптық затпен байлам» тапқаны туралы айғақтарына тиісті құқықтық баға берілмеді.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде Жоғарғы Сот Х.-ға қатысты сот актілерінің күшін жойып, істі жаңа қарауға жіберді.