Қазақстанның Сыртқы істер министрі БРИКС-тің министрлік сессиясына қатысады

АСТАНА. KAZINFORM – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресейдегі БРИКС жиынына барады. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров баспасөз мәслихатында айтты.

Расширение БРИКС
Коллаж: Midjourney; Kazinform

«10-11 маусымда Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың шақыруымен БРИКС-тің дамушы елдермен диалогының министрлік сессиясына қатысу үшін Ресейге сапармен барады. Іс-шара Нижний Новгород қаласында «Әділетті жаһандық даму мен қауіпсіздік үшін көпжақты нығайту» тақырыбымен өтеді», - деді ол.

СІМ ресми өкілі бұл жиынға қай елдердің өкілдері қатысатынын айтты.

«Ссессияға БРИКС-ке мүше елдер – Ресей, Бразилия, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Эфиопия сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, сондай-ақ, шақырылған елдер – Алжир, Бахрейн, Бангладеш, Беларус, Венесуэлла, Вьетнам, Индонезия, Куба, Лаос, Мавритания, Нигерия, Тайланд, Түркия және Шри-Ланканың сыртқы істер министрлері де қатысады.

Министрлік сессиясы аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді», - деді Айбек Смадияров.